Алматы әуежайында "қалжыңдаған" өзбекстандық жазаланды

Көркем Алдабергенова 05 қыр. 2025 10:19

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері пойыздар мен әуе рейстерінен 900 жолаушы түрлі құқықбұзушылықтар үшін түсірілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2 қыркүйекте Алматы халықаралық әуежайында 18 жастағы Өзбекстан азаматы әуе тіркеу орнында «багажымда атом бомбасы бар» деп қалжыңдаған.

Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл салынған.

"Шетелдік азамат ұсақ бұзақылық үшін жазаланды", - деп мәлімдеді Көлік полициясы.

Полицейлер мұндай әрекеттердің салдары ауыр болатынын көпшілік біле бермейтінін айтады.

"Көліктегі жағдайды дестабилизациялау немесе қорқыту әрекеттері заң бойынша ауыр қылмыс болып саналады, кінәлілер міндетті түрде жауапқа тартылады", - делінген ресми хабарламада.

Жыл басынан бері 900 жолаушы әкімшілік ереже бұзғаны үшін пойыздар мен әуе рейстерінен түсірілген. Ең көп кездесетін заңбұзушылықтар – спирттік ішімдік ішу, қоғамдық орынға мас күйде шығу, ұсақ бұзақылық және вагонда шылым шегу.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар