Алматы әкімдігі Шымбұлақтағы бағаны реттей алмайды

Қаракөз Амантай 02 жел. 2025 09:08

Алматы қаласы Туризм басқармасы “Шымбұлақ” тау-шаңғы курортындағы баға өсіміне қатысты Dalanews.kz жолдаған ресми сауалға жауап берді.

Ведомствоның мәлімдеуінше, курорттағы тарифтерді мемлекеттік органдар тікелей реттей алмайды.

“Алматы қаласындағы негізгі туристік нысандар (Медеу, Шымбұлақ, Көктөбе және т.б.) негізінен жеке меншікке тиесілі. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жеке меншік нысандарының қызметі заңмен реттеледі, сондықтан мемлекеттік органдар олардың ішкі жұмысына тікелей араласа алмайды”, - делінген жауапта.

Басқарма "Шымбұлақ" сияқты жекеменшік туристік нысандардың баға саясаты мекеменің ішкі коммерциялық шешімдеріне жататынын атап өтті.

“Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес, жеке меншік ұйымдар ұсынатын қызметтердің құнын өздері айқындайды. Осыған орай, Туризм басқармасының бағаларды тікелей реттеу немесе бақылау өкілеттігі қарастырылмаған”, - деді олар.

Айтуларынша, Туризм басқармасы өз қызметін Алматы әкімдігі бекіткен Ереже негізінде жүзеге асырады.

“Бұл Ереже басқарманың стратегиялық бағыттарын айқындап, қаланың туристік тартымдылығын арттыру, имиджін ілгерілету және туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстарды қамтиды.

Басқарманың қызметі "Туристік қызмет туралы" 2001 жылғы № 211 Заңы мен Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік-құқықтық актілерімен реттеледі. Аталған заңның 8-бабында туризмді дамытуға жәрдемдесу, қолайлы жағдайлар жасау және туристік саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету қағидаттары белгіленген”, — деп хабарлады басқарма.

Бағаға араласу құзыреті жоқ

“Шымбұлақ” сияқты туристік нысандардағы тарифтер мекеменің өзі қабылдайтын коммерциялық шешімдерге жатады. Туризм басқармасының айтуынша, ведомство тек салалық мониторинг жүргізеді, туристік үрдістерді, қызмет көрсету сапасын, сұраныс пен ұсыныс деңгейін талдайды. Алайда бұл мониторинг бағаны бақылау немесе реттеуді көздемейді.

Туристік жүктеме жыл сайын өсіп келеді

Басқарма соңғы жылдары “Шымбұлаққа” келушілер саны айтарлықтай артқанын да атап өтті. Демалыс және мереке күндері курортқа тәулігіне 15 мыңнан астам адам келетін кездер жиілеген.

“Мұндай жүктеме инфрақұрылымға, қызмет көрсету сапасына және қауіпсіздік шараларына қосымша талап қояды”, - делінген ресми жауапта.

Бұған дейін

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде “Шымбұлақ” тау-шаңғы курортындағы бағаның шектен тыс қымбаттауына қатысты шағымдар жиілегенін мәлімдеген едік.

Пайдаланушылардың айтуынша, биылғы маусымдық абонемент бағасы 550 мың теңгеге жеткен. Ал өткен маусымда оның құны шамамен 360 мың теңге болған.

Бағаға қатысты наразылық тек абонементпен шектелмеді. Курорт аумағындағы қоғамдық тамақтану орындарының тарифтері де көпшіліктің ашуын туғызды. Желіде тараған видеолардың бірінде бір стақан шайдың 5 мың теңгеден сатылғаны көрсетілген.

Бұл видеолар қоғамда қызу талқы тудырып, пайдаланушылар баға саясатын қайта қарауды талап еткен еді.

Шымбұлақ әкімшілігі не дейді?

Даулы мәселеге қатысты Шымбұлақ әкімшілігі ресми жауап берді. Олардың айтуынша, жаңа маусымға арналған баға тізімі әлі нақты бекітілмеген.

“6 желтоқсанда маусымның ресми ашылуы жоспарланған. Сол күнге қарай жаңа маусымға арналған баға тізімі белгілі болады”, — деп жауап берді.

Алайда абонемент бағасының неге өскені және коммерциялық нүктелердегі баға саясаты қалай реттелетіні туралы нақты түсініктеме берілген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар