Алматы әкімдігі Сайран көліндегі тыйымға қатысты түсініктеме берді

Ақтоты Жапатова 27 мау. 2025 13:40

Алматы әкімдігі Сайран көлінде шомылуға тыйым салыну себебін түсіндірді. Су санитарлық-гигиеналық сараптамадан өтпегендіктен, онда шомылуға қатаң тыйым салынады,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының хабарлауынша, бұл шаралар "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы туралы" және "Қоршаған ортаны қорғау туралы" заңдарға сәйкес қабылданған. Қазір Сайран аумағы қоршалып, көл маңында құрылыс және инженерлік жұмыстар жалғасып жатыр. Су айдыны әлі ресми түрде пайдалануға берілген жоқ.

"Көлге су жіберу тек уақытша сынақ ретінде жүргізілді. Қазір су деңгейі бекітілген жоспарға сәйкес төмендетілді", – делінген әкімдік хабарламасында.

Сондай-ақ, әкімдік ҚР заңнамасына сәйкес, шомылуға тек су сапасы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алынғаннан кейін ғана рұқсат берілетінін еске салды.

Еске салайық, жуырда Сайран көліне бір күнде екі адам батып кетті. Құтқарушылар судан 17 жастағы жасөспірім мен 1977 жылы туған ер адамның денесін алып шықты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар