Алматы қаласындағы Сайран көліне жасөспірім мен ересек ер адам батып кетті. Қайғылы оқиға 25 маусымда болды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Қайғылы оқиға туралы алғашқы ақпарат 109 шұғыл қызметіне түскен. Департаменттің хабарлауынша, 2007 жылы туған жасөспірім суға батып кеткен. Оқиға орнына дереу жеткен сүңгуірлер баланың денесін судан алып шықты. Марқұммен бірге болған екінші жасөспірім жағаға өз күшімен жүзіп шыққан.
Кешкі уақытта тағы бір адамның суға кеткені белгілі болды. 1977 жылы туған ер адам мас күйде рұқсат етілмеген аумақта шомылып жүріп, ажал құшты.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті Сайран көлінде шомылуға әлі қатаң тыйым салынғанын ескертті. Өйткені көл маңындағы құрылыс және санитарлық жұмыстар толық аяқталған жоқ, су айдыны әлі ресми түрде пайдалануға берілмеген.
"Тыйым салу тәртібі бұзылған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар, оның ішінде айыппұлдар қолданылады. Қала тұрғындары мен қонақтарын судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға және рұқсат етілмеген жерлерде шомылудан бас тартуға шақырамыз", – делінген қалалық ТЖД баспасөз хабарламасында.