Бүгінде қарқынды даму жолына түскен Алматы қаласының Алмалы ауданы бірқатар экономикалық көрсеткіш бойынша топ бастап келеді. Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуде ауданның жетістігін тұрғындарға санамалап берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуді ашқан қала басшысы тұрғындарды келе жатқан Конституция күнімен құттықтап, елдің Негізгі заңы әрбір қазақстандық үшін маңызды екенін атап, зор денсаулық пен амандық тіледі.
Шаһар басшысы атап өткендей, жыл басынан бері жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5,3% өсіп, 59 669-ға жетті, бұл 4 мыңнан астам тұрғынды тұрақты жұмыс орынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 123,6 млрд теңге болып, салық түсімі жыл басынан бері 16% өсіп, 225 млрд теңгеге жетті. Инвестиция көлемі 5% өсіп, 139,4 млрд теңге болды.
Аудан бюджеті 2024 жылы 12,3 млрд теңгеге артты. 2024 жылы маусымда бюджет тағы 16% ұлғайтылып, 24,7 млрд теңгеге жетті.