Қазақстанда 2026–2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Бөлінген гранттардың ішінде:
– 75 371 грант – бакалавриатқа;
– 11 007 грант – магистратураға;
– 3 079 грант – докторантураға арналған.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік тапсырыс көлемі өткен оқу жылдарының деңгейінде сақталған және ел экономикасының 2030 жылға дейінгі кадрлық қажеттілігіне сәйкестендірілген.
Гранттардың басым бөлігі техникалық және өндірістік салаларға бағытталған.
Атап айтқанда:
– инженерлік, өңдеу және құрылыс бағыттарына – 19 250 грант;
– педагогикалық ғылымдарға – 13 738;
– IT және байланыс технологияларына – 11 662;
– жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға – 9 363;
– ауыл шаруашылығы және биоресурстарға – 3 145;
– денсаулық сақтау саласына – 2 700;
– қызмет көрсету саласына – 2 400;
– өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 1 915;
– әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат бағытына – 1 485;
– бизнес, басқару және құқық саласына – 1 423;
– ветеринарияға – 1 275 грант бөлінген.
Саясат Нұрбектің сөзінше, гранттардың 60 пайызы инженерлік-техникалық, IT және аграрлық мамандықтарға, ал 21 пайызы педагог кадрларды даярлауға берілген.
Сонымен қатар ЖОО-лар «Серпін» бағдарламасы аясында кәсіби бағдар беру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жобаға 13 мыңнан астам оқушы, 2 мыңға жуық ата-ана және 700-ден астам кәсіби бағдар беруші қатысқан.