ҰБТ-ға 239 мың адам тіркелді: Қазақстанда жоғары білімге сұраныс күрт өсті

ҰБТ-ға 239 мың адам тіркелді: Қазақстанда жоғары білімге сұраныс күрт өсті
Baq.Kz

Қазақстанда 2025–2026 оқу жылы жоғары білім беру жүйесінде тұрақты аяқталып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Биыл мектеп бітірушілер санының артуы жоғары білімге деген сұраныстың өсіп отырғанын көрсетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, биыл мектепті 215 мың түлек аяқтайды. Бұл соңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Мәселен, 2023 жылы мектепті 162 мың оқушы, ал 2024 жылы 188 мың түлек бітірген болатын.

Жоғары оқу орындарына түсуге ниеттілер саны бұдан да көп. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін 239 мыңнан астам адам тіркелген. Оның ішінде шамамен 200 мыңы – биылғы мектеп түлектері, қалғаны – колледж бітірушілері мен өткен жылдардың түлектері.

Министрдің сөзінше, ҰБТ өткізу бойынша барлық мемлекеттік органдардың жұмысы үйлестірілген. Елдің барлық өңірінде әкімдіктер, құқық қорғау органдары, жоғары оқу орындары және білім басқармалары қатысатын арнайы комиссиялар құрылған.

Биылғы ҰБТ 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтіп жатыр. Тестілеу форматы өзгеріссіз қалды. Талапкерлер тесті екі рет тапсырып, грант конкурсына ең жоғары нәтижемен қатыса алады.

Қатысушыларға тестілеуден кейін дұрыс және қате жауаптар ғана емес, нәтижелердің толық талдауы беріледі.

Қазіргі уақытта тестілеуден 80 мыңнан астам адам өтіп үлгерген.

Жоғары оқу орындарына қабылдау науқаны да нақты кесте бойынша жүргізіледі. Құжаттарды қабылдау онлайн және офлайн форматта өтеді. Педагогикалық және медициналық бағыттарға түсушілер үшін арнайы емтихандар сақталады. Сондай-ақ шығармашылық мамандықтарға түсетін талапкерлер жеке сынақтар тапсырады.

Мемлекеттік гранттар конкурсына өтініштер 13–20 шілде аралығында қабылданады, ал жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.

Жаңа оқу жылында бірінші курс студенттері үшін бейімделу кезеңі де енгізілген. 28 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында барлық университеттерде арнайы бейімделу апталығы өтеді. Бұл студенттердің академиялық ортаға тез үйренуіне бағытталған.

2026–2027 оқу жылына жоғары білім беру жүйесіне 89 457 мемлекеттік грант бөлінді.

Оның ішінде:

– 75 371 грант бакалавриатқа;
– 11 007 грант магистратураға;
– 3 079 грант докторантураға бағытталған.

Министрлік гранттарды бөлу кезінде еңбек нарығындағы сұранысты ескергенін мәлімдеді.

Болжам бойынша, 2030 жылға дейін Қазақстанға 883 мыңнан астам маман қажет болады.

Оның ішінде:

– 530 мыңнан астам инженерлік кадр;
– 185 мыңнан астам педагог;
– 168 мыңға жуық өзге салалар мамандары қажет болады.

Сондықтан мемлекеттік тапсысты бөлу кезінде инженерлік, IT, ауыл шаруашылығы, педагогикалық және жаратылыстану бағыттарына басымдық берілген.

Жалпы гранттардың:

– 60 пайызы инженерлік-техникалық, IT және аграрлық мамандықтарға;
– 21 пайызы педагогикалық кадрлар даярлауға бөлінген.

Үкімет тапсырмасымен биыл өңірлерде ірі кадрлық зерттеу жүргізілген. Оның аясында 73 мыңнан астам кәсіпорынға сауалнама жүргізіліп, кадр тапшылығы, қызметкерлердің жас құрылымы және жас мамандарға қажеттілік талданған.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік тапсырыс енді тек білімді қаржыландыру құралы емес, елдің кадрлық және экономикалық саясатының маңызды бөлігіне айналып отыр.

Кәсіби бағдар беру жұмыстары да кеңейтілген. Соның бірі – EduNavigator.kz платформасы.

Бүгінде жүйе арқылы 240 мыңнан астам оқушы кәсіби диагностикадан өткен, оның 132 мыңы тек 2025 жылы тіркелген.

Платформа оқушылардың бейімділігін анықтауға, болашақ мамандық таңдауға және еңбек нарығымен байланыстыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар елімізде алғаш рет «Педагог-профориентолог» бағдарламасы енгізілді. Қазір мамандар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде даярланып жатыр. Ал келесі оқу жылынан бастап бағдарламаға Батыс Қазақстан университеті де қосылады.

Кәсіби бағдар беру жұмыстары аясында өткен Study in Kazakhstan көрмесі еліміздің 14 қаласында ұйымдастырылып, оған 46 мыңнан астам оқушы, ата-ана және маман қатысқан.

Көрмеде 60-тан астам қазақстандық және 20-дан астам шетелдік университет білім беру бағдарламаларын таныстырды.

Бұдан бөлек, «Серпін» бағдарламасы аясында өткізілген іс-шаралармен 13 мыңнан астам оқушы, 2 мың ата-ана және 700 кәсіби бағдар маманы қамтылды.

Қазіргі таңда Қазақстанда 122 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Оның ішінде:

– 12 ұлттық университет;
– 30 мемлекеттік ЖОО;
– 52 жекеменшік университет;
– халықаралық, акционерлік және арнайы жоғары оқу орындары бар.

Жалпы студенттер саны 724 мыңнан асты.

Оның ішінде:

– 658 мың студент бакалавриатта;
– 40 мыңға жуық магистрант;
– 9 мың докторант;
– 16 мыңнан астам интернатура және резидентура студенті оқиды.

Қазақстанда білім алып жатқан шетелдік студенттер саны 35 мыңнан асты.

Сонымен қатар елімізде АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Оңтүстік Корея, Франция және Германия университеттерімен бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қазір Қазақстанда 32 шетелдік университеттің филиалы мен серіктестік жобалары жұмыс істейді.

Оларда 12 мыңға жуық студент білім алады, оның 700-ге жуығы – шетел азаматтары.

Биыл университеттерді 193 мыңға жуық түлек аяқтайды. Бұл соңғы жылдардағы ең ірі бітірушілер легінің бірі саналады.

Қорытынды аттестаттау 20 маусымға дейін, ал диплом тапсыру рәсімі 10 шілдеге дейін аяқталады.

Оқу жылы аяқталғаннан кейін 530 мыңнан астам студент жазғы демалысқа шығады.

Олардың ішінде:

– 150 мың студент өндірістік және оқу практикасына жіберіледі;
– 30 мың жас студенттік жасақтарға қатысады;
– тағы 30 мың студент экологиялық және волонтерлік жобаларға тартылады.

Сондай-ақ елдегі 15 жоғары оқу орнында студенттік лагерьлер мен спорттық-сауықтыру кешендері жұмыс істейді. Бұл нысандарда 15 мың студенттің демалысы мен тәжірибеден өтуі ұйымдастырылады.

Осылайша, жоғары білім жүйесі жаңа оқу жылын кадр даярлау, еңбек нарығына бейімдеу және жастарды жұмыспен қамту бағытында ауқымды жоспарлармен аяқтап отыр.