"Алла берген тілінде білім алған баланың жолы ашық болады" - қоғам қайраткері

Ақтоты Жапатова 18 жел. 2025 10:18

ҚР мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Оразгүл Асанғазы "Parasat" подкастына берген сұхбатында Тәуелсіздіктің қазақ ұлтына берген басты құндылықтары туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдары елде тек жолдар мен ғимараттар салынып қана қойған жоқ, ең бастысы – қазақ халқының демографиялық және рухани өсімі айқын көрінді.

«Тәуелсіздік қазаққа не берді десек, біз өз елімізде, өз жерімізде 70 пайыздан астық. БҰҰ қаулысына сәйкес, егер бір мемлекетте бір ұлттың үлесі 62,3 пайыздан асса, ол бір ұлтты мемлекет болып саналады. Бұл – Қазақстан қазақтың елі деген сөз», – деді ол.

Оразгүл Асанғазының айтуынша, балабақша мен бастауыш сыныптарда қазақ тілінде оқитын балалардың үлесі бүгінде 90 пайызға жеткен. 

Қайраткер тіл мен рухтың өзара тығыз байланысына ерекше тоқталды. Оның пікірінше, ана тілінде білім алып, тәрбие көрген баланың рухы биік болады.

«Неліктен өзбектер қазір бізді футболдан, бокстан жеңіп кетіп жатыр? Себебі олар өз тілінде сөйлейді. Тіл – рух. Ана тілінде ойлап, білім алған ұлттың болашағы берік болады», – деді ол.

Сұхбат барысында Оразгүл Асанғазы қазақ тілінде білім алып, әлемдік деңгейде жетістікке жеткен тұлғаларды мысалға келтірді. Соның бірі – әнші Димаш Құдайберген.

«Димаш Ақтөбедегі қарапайым қазақ мектебінде оқыды. Ол орыс тілін орыс сыныбында оқығандардан кем білмейді, ағылшын тілін де еркін меңгерген. Бірақ ең бастысы – ол өз ана тілін сүйеді, сол тілде ойлайды, жазады, сөйлейді және қазақ тілін әлемге танытып жүр», – деді ол.

Сондай-ақ ол әлем мойындаған математик Асқар Жұмаділдаевтың да Қызылорда облысының Шиелі ауылында қазақ тілінде білім алғанын атап өтті.

Қоғам қайраткері сөз соңында ата-аналарға үндеу жасап, баланың болашағы ана тілінде білім алумен тікелей байланысты екенін жеткізді.

«Алла әр ұлтқа өз тілі мен болмысын берген. Алла берген тілінде сөйлеп, ойлап, жазатын баланың жолы ашық болады. Мен осыны ата-аналарға түсіндіргім келеді», – деп түйіндеді Оразгүл Асанғазы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар