Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.
Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтан атаулы әлеуметтік көмек туралы сұрады.
"Отбасының жан басына шаққандағы кірісі 20 789 теңгеден 10-15 теңгеге асып кетсе, бұл азаматтар тұрмысы нашар отбасы санатына кірмей қала ма?", - деп сұрақ қойды БАҚ өкілі.
Министр бәрі заңға сәйкес жүзеге асатынын айтты.
"Кірмей қалады, себебі тәртіп солай. Солай деп белгіленген. 20 789 теңге, одан аспау керек. Ал егер асып кетсе, төленбейді", - деп қысқа қайырды Сапарбаев.
Айта кетсек, Қазақстан президентінің тапсырмасына сәйкес, осы жылдың 1 шілдесінен бастап атаулы әлеуметтік көмек критерийі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 процентіне дейін көтеріледі. Яғни, 14 мың 849 теңгеден 20 мың 789 теңгеге дейін, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 29 мың 698 теңге.
Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылатындар саны қазіргі 570 мыңнан 830 мың азаматқа дейін көбеймек.
Дереккөз: sputniknews.kz