Суицидтің мектеп оқушыларын да жағалауы ата-аналар мен педагогтердi қатты ойландырып отыр. Алматы каласында Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндіктері институты мектеп окушыларын суицидтен сақтандыру үшін «Балалардың әлеуметтік-психологиялық амандығын сақтау және қорғау» деген жобаны iске асыруды бастады.
Жаңа жобаның тұсаукесер рәсіміне ұстаздар қаумы, шараны ұйымдастырушылардың еріктілер тобы және мектеп оқушылары қатысты. Басқосуда жоба жетекшісі Маргарита Өскембаева түрлі қиын жағдайға тап болған жас жеткіншектер көмек беруге дайын екендерін алға тартты.
Осы ретте №48 мектептің ата-аналар ұйымы да білім ошағында мұндай пилоттық жобаның іске аса бастағанына барынша қолдау білдіретіндіктерін алға тартты.
Бүгінде адамдардың өз еркімен өмірін қиюының сырын психологтар мен психотерапевтер жан-жақты зерттеп жатыр. Түрлі қиын жағдайға тап болған балалар отбасындағы қиын жағдайды сыртқа шығармай, іштен тынып жүре беретіні белгілі. Бұл жағдай өз кезегінде балалардың жүйкесіне салмақ түсіретінін ата-аналар ұмытпауы керек.
Жасөспірімдер арасындағы суицид күрделі мәселе. Олар тіпті жақындарына да өзін қинап жүрген мәселе туралы айтпайды, оны жасырып-жабуға тырысады. Балалар түйткілді ашып көрсетуден гөрі, үндемей қалуды жөн санайды. Тіпті, өз-өзін өлімге қиған жағдайда да оның себебін жазып та калдырмайтынын күнделікті өмірден көріп жүрміз.
– Балалардың психикасы өте нәзік, жаралы болып келетіндіктен, кішкентай нәрсенің өзiн ауқымды мәселе ретінде кабылдайды. Сондықтан оларға қашанда ата-ананың түсіністігі мен арнайы маманның көмегі қажет. Осы бағытта мектеп мұғалімдері мен психолог мамандар баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді бақылап, олармен жұмысты жандандыра түсуi тиiс, – деп М. Өскембаева өз ойын ортаға салды.
Ата-аналардың балаларға киімі мен тамағын тауып беруі аз. Бала үнемі ата-ананың жылуын сезініп, жақсы көретінін біліп жүруі керек. Ал әке-шеше өз дәрежесінде көңіл бөлмеген бала ешкімге керексіздігін түсініп, психологиялық стреске тап болатыны белгілі.
Әсіресе 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдер өте әсершіл, кез келген нәрсені жүрекпен қабылдауға бейім. Қиын жағдайға тап болған мұндай балалардын сабаққа құлқы болмай, өзге оқушылармен де қарым-қатынасы нашарлай түседі екен.
Өзін ұстауы мен мінез-құлқында өзгерістердің орын алуы мұғалiмдi де, ата-ананы да алаңдатуы тиіс. Осы өзгерістерге бей-жай қарамай, психологтың көмегіне жүгіну арқылы көптеген мәселенің алдын алуға болады.
Кейбір оқушылардың қолында қымбат ұялы телефон. Оны көрген өзге бала «менде неге ондай жоқ» деп ойланып, әке-шешесіне ренжитіні белгілі. Осы кішкентай заттың өзінен үлкен мәселе туындайтынын ұмытпауымыз керек. Мұндай әлеуметтік қайшылықтар да мектеп окушыларының жүйкесін жүндей түтеді десек қателеспейміз.
Сондықтан оқушылардың киім киісінде, олардың өмірлік ұстанымында бірізділіктi қалыптастырудың маңызы зор. Сондықтан оқушылардың бір формада киініп, қымбат телефон мен өзге бағалы заттарды мектепке әкелуіне қатаң түрде тыйым салған жөн.
М.Өскембаева ата-аналарға көп міндет жүктелетінін алға тартты. Жиынға қатысқанымызда жоба төрт бағытта жүретінін байқадық. Алдағы уақытта мамандар балалардың оқу үлгерімін жақсарту, оқушылардың жеке даму мәселесін реттеу, мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ-ға психологиялық дайындығын шыңдау және ата-ана мен бала арасындағы жағдайды оңтайландыру басшылыққа алып отыр.
Маман ойы:
Мінайым ТҰРМАҒАНБЕТОВА, психолог:
– Мектептегі психологтар балалар мәселесіне өз дәрежесінде көңіл бөлмейді деген пікірге қосыламын. Бүгінгі таңда психолог баламен ғана емес, қиын жағдайға тап болған баланың отбасымен де жұмыс жасауы керек. Өйткені оның негізгі проблемасы осы отбасынан басталып отыр. Бүгін ол баламен жұмыс жасадың делік, ертең сол күйреген күйінде алдыңа қайта келеді. Сол себепті оның үйінде орын алған негізгі мәселені анықтап, соған сай әрекет жасау қажет.