Абай облысында балабақша қызметкерлерінің жеке мәліметтерінің таралу фактісі анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Курчатов қаласының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу саласына жүргізілген талдау барысында қаладағы балабақшалардың бірінде 75 қызметкердің деректерінің ашық қолжетімділікке шығып кеткенін анықтаған.
Прокуратура мәліметінше, білім беру мекемесі қызметкерлерді мерзімдік медициналық тексеруден өткізу бойынша конкурс жариялау кезінде қызметкерлер тізімін ашық орналастырған.
Құжат ішінде қызметкерлердің толық анкеталық мәліметтері, жеке сәйкестендіру нөмірлері және басқа да құпия ақпараттар болған.
Қадағалау органы мекеме басшылығы тарапынан талаптардың сақталмауы жеке ақпараттардың заңсыз мақсатта қолданылу қаупін тудырғанын атап өтті.
Прокуратура араласқаннан кейін анықталған заң бұзушылықтар жойылған.
Кінәлі лауазымды тұлға ӘҚБтК 79-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 432 500 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Прокуратура азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.