Нидің айтуынша, ол допингтің анықталғаны жайлы хабарды кеше таңда естіген. "Мен үшін бұл күтпеген жаңалық болды. Лондон олимпиадасы тарихқа айналды ғой, бір жарым айдан кейін біз Олимпиада ойындарына аттанғалы отырғанбыз, ал мұнда осындай дау шықты... Допинг-сынамаларды жыл басында емес, Риоға тура екі ай қалғанда қайта тексере бастағаны алаңдатады. Менде көп сұрақ туындап отыр. Неліктен дәл осындай мерзім? Спортшылар кінәсіздігін дәлелдеп үлгермесін деді ме, апелляцияға беріп үлгермесін деді ме?", - деп таңданады бас бапкер.
Алексей Ни қойып отырған тағы бір сұрақ Риоға аттанғалы отырған спортшылардың ғана шеттетілуі жайлы. "Соған қарағанда алдағы Олимпиадада кімнің қалай өнер көрсететініне болжам жасалған болуы мүмкін, ал шеттетілген спортшылардың алтын медаль алуға деген мүмкіндігі зор. Мансап жолын аяқтағалы жатқан бірде-бір спортшы шақыртылмады, себебі олар ендігі ешкімге керек емес. Олардың логикасына салсақ, біз Олимпиадада бір рет жеңгеннен кейін дереу спортпен қош айтысуымыз қажет пе?! Жеңістен үмітті болып, біреулерге кедергі жасай бастасаң - саған әділетсіз әдістерді қолданады. Себебі мен әлем біріншілігіне бір ай қалғанда ғана осындай даудың шығып жатқанын басқаша түсіндіре алмаймын. Мұндай қым-қуыт жағдайда екі аттап биге шығатын мүмкіндік аз", - деп білдірді пікірін Алексей Ни.
Ни Лозаннадағы зертхананың мәселесіне де назар аударып отыр. Айтуынша, бұл зертхана А және Б сынамаларын тексерген. Сөйтсе А сынамаларында тыйым салынған заттардың бар екенін көрсетіп, Б сынамасы оны жоққа шығарған. "ВАДА тіркеген зертхана қалайша осындай қателіктер жасайды? Мен біреу-міреуді үркітіп, бопсалағым келмейді, мен тек өз спортшыларымды қорғағым келеді, әділдіктің болғанын қалаймын, - дейді бас бапкер, - Мұның кімнің мүддесі екенін мен білмеймін. Мен саясаткер емеспін, көріпкел емеспін. Мен - ештеңеге қарамастан спортшыларды дайындап жүрген бапкермін. Спортшының барлығы жаттығып жатыр және мәселе анық болып, біздің пайдамызға шешіледі деп сенемін. Ал егер Олимпиадаға жібермесе, Лозаннадағы арбитраж сотына дейін барамыз. Спортшылардың соттан әділ шешім алғанын көрмеппін, алайда жарысты ешкім тоқтата алмайды... Осыған қарамастан осындай жағдайлар қайталанбауы үшін өз ұстанымымызда қала бермекпіз", - деді ол.
Сонымен қатар, бас бапкер төрт спортшы қолданды делінген препараттарға қатысты ойын айтты. "Біз ондай препараттарды қолданбағанымызды сеніммен айта аламын. Анықтамалыққа қарап көріңіздер, бұл өте күрделі препараттар, ал жоғары деңгейлі спортшылар осылай қауіп-қатерге бара ма?", - дейді бас бапкер.
Бапкердің айтуынша, допинг дауына ілігіп жатқандардың кіл ТМД елдерінен екендігі де күмән туғызбай қоймайды. Ол Хьюстондағы чемпионаттан кейін қазақстандық ауыратлеттердің біреулердің нысанына түсетінін ойлағанын да айтып отыр.
Дереккөз: kaz.tengrinews.kz