Алдағы жылы 3 ірі жобаны іске асырылу көзделуде. Олардың жалпы құны – 4 млрд. 100 млн. теңге. Аталған жобалар жүзеге асса, 90 адам жұмыспен қамтылмақ. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев мәлім етті.
Алдағы жылы ауданда жүзеге асатын жобалар: құны 1 млрд. теңгелік “Оңтүстік Агропродакшн” ЖШС 310 гектар аумаққа жерге грек жаңғақ егу, “Бес Қара” ЖШС 400 га қарқынды бау егу (құны 3 млрд. теңге), “Көшім” ШҚ-ның балық өсіру және балық етін өңдеу (құны 100 млн. теңге) жобасы.
– Кәсіпкерлікті дамыту аясында белсенді шағын және орта бизнес бойынша өңірде белсенді кәсіпкерлік субъектілер саны 7279 бірлікті құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,2 пайызға артқан. Салада шығарылған өнімдер мен көрсетілген қызмет көлемі 23,2 млрд. теңгені құрап, 4,1 пайызға және бюджетке тиесілі төленген салық төлемдері 5,3 пайызға артып, 327 млн. теңгені құрады. Сонымен қатар, негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 3020,5 млн. теңге құрап отыр, – деді Ақментай Үсенұлы.
Ауыл шаруашылығы саласында жылыжай жыл басынан бері 10,6 гектар аумаққа салынған болса, тамшылатып суару әдісі 287 гектар жерге енгізілген.
Құрылыс саласында ағымдағы жылы жалпы құны 15 млрд. 579 млн. теңгені құрайтын 24 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. 17 нысан 2019 жылға өтпелі.
Ал инфрақұрылым бойынша табиғи газбен қамтуда 83 елді мекеннің ішінде 38-не көгілдір отын жеткізілген. 2019 жылы табиғи газбен қамтуды ауданда 86,3 пайызға жеткізу көзделуде. Ауыз сумен қамту бойынша барлық 83 елді мекеннің құбыр сумен қамтылғаны 40. Алдағы жылы ауыз сумен қамту деңгейін 72,4 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, сапалы электр қуатымен қамту бойынша ауданда қазіргі таңда 40 елді мекенді құрады. 2019 жылы қамту деңгейін 71,1 пайызға жеткізу межеленген.
Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі