Албанияның Мемлекеттік сайлау комиссары Қазақстандағы референдумның ашықтығы мен тарихи маңызын атап өтті

Ақтоты Жапатова 15 нау. 2026 18:01

Қазақстанда өткен республикалық референдумның өту барысын халықаралық бақылаушылар да қадағалап жатыр. Солардың бірі - Албания Республикасының Мемлекеттік сайлау комиссары Илирджан Челибаши. Ол Қазақстанға Орталық сайлау комиссиясының шақыруымен келген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шетелдік делегация Астана қаласындағы бірнеше дауыс беру учаскесінде болды. Бақылаушылар барған нысандардың бірі - Астана қаласы әкімдігінің «№119 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде орналасқан референдум учаскесі.

Илирджан Челибаши бұл оның Қазақстанға алғаш рет келуі екенін айтты.

«Мен Албания Республикасының Мемлекеттік сайлау комиссары болып қызмет атқарамын. Қазақстанға Орталық сайлау комиссиясының шақыруымен келдік. Бұл - менің де, біздің делегацияның да Қазақстанға алғашқы сапары», - деді ол.

Халықаралық бақылаушының айтуынша, референдум барысында көрген дайындық жұмыстары жақсы әсер қалдырған.

«Біз бірнеше учаскеде болдық. Дауыс беру процесінің қалай өтіп жатқанын көрдік. Комиссия мүшелерімен сөйлестік, дауыс беру тәртібі туралы сұрадық. Барлығы түсінікті түрде ұйымдастырылған. Қазіргі көріп отырғанымыз бойынша, дайындық жақсы деңгейде», - деді Челибаши.

Оның сөзінше, референдумның нақты бағасы дауыс беру аяқталғаннан кейін ғана беріледі.

«Қорытындыны күн соңында ғана айтуға болады. Біз әлі бірнеше учаскеге барамыз. Бірақ қазіргі әсеріміз жақсы, бәрі тыныш әрі ретімен өтіп жатыр», - деді халықаралық бақылаушы.

Албаниялық комиссар референдумды демократиялық талаптарды нығайтуға бағытталған қадам деп бағалауға болатынын айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove