Қазақстанда медицина кадрларының тапшылығы жиі айтылғанымен, өңірлерге барған жас мамандарға жасалатын нақты жағдай көңіл көншітпей отыр. Бұл туралы Әнел Жұмаділ есімді жас дәрігер әлеуметтік желіде ашық мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, өзін Алатау қаласына дәрігер ретінде жұмысқа шақырған. Жұмыс беруші тарапынан қызметтік пәтер беру және тұрғын үйге арналған көтермеақы қарастырылатыны айтылған. Осы уәделерге сеніп, ол ресми түрде жұмысқа орналасқан. Алайда қызметтік тұрғын үйді дәрігерге тек арада уақыт өткен соң ғана көрсеткен.
«Мұндай жерде адам тұра алмайды»
Дәрігердің сөзінше, алдымен ұсынылған пәтердің жағдайы тым нашар болған.
«Алғаш көрсетілген пәтерді тіпті видеоға да түсіре алмадым. Ішінде арақ бөтелкелері шашылып жатыр, жөндеу жұмыстары жасалмаған, төбесі опырылған, антисанитария. Мен бірден бас тартуға мәжбүр болдым», – дейді ол.
Оның айтуынша, жауапты тұлғалар бұл пәтерлерде «мүгедектер мен басқа да адамдар тұрып жатыр» деп жауап берген.
«Сонда мұндай тұрғын үйді кез келген адамға, тіпті тегін болса да, қалай ұсынуға болады? Мұндай жағдай дәрігер түгілі, басқа адам да тұра алмайды», – деп жазды дәрігер.
«Жөнделген» екінші пәтер де көңіл көншітпеді
Әнел Жұмаділ кейін екінші қызметтік пәтер көрсетілгенін айтады. Алайда жауапты мекеме «жөндеу жүргізілген» деп айтқан бұл үйдің де жағдайы талапқа сай болмаған.
«Мұнда жөндеу жұмыстары жүрген деп айтуға келмейді. Бұл – дәрігердің тұруына арналған жағдай емес», – дейді ол.
Дәрігер бұл жағдайды «Жаңа Қазақстан» ұғымымен сәйкестендіру қиын екенін ашық жазған.
9,8 млн теңге туралы уәде қайда қалды?
Жас маман тағы бір маңызды жайтты көтерді. Оның айтуынша, жұмысқа қабылданар кезде өзіне тұрғын үй сатып алуға 9,8 млн теңге көлемінде қаржы берілетіні ресми түрде айтылған.
«Осы уәденің негізінде мен шешім қабылдадым, жұмысқа шықтым, бұйрық шықты. Ал бүгін ғана бұл бағдарламаның 15 желтоқсаннан кейін жабылғанын айтты», – дейді ол.
Дәрігер бұл жағдайды жауапсыздық деп бағалайды.
«Алдымен мемлекеттік қолдау уәде етіп, адамды ресми жұмысқа орналастырып, кейін біржақты түрде “бағдарлама жоқ” дегенді қалай түсінеміз? Бұл жеке компания емес, бұл – адамдардың жүйеге деген сеніміне жауапты мемлекеттік құрылымдар», – деп жазды ол.
Әнел Жұмаділ бұл мәселені жеке жағдай ретінде емес, жүйелік проблема ретінде көтеріп отырғанын айтады.
«Дәрігерлер өңірлерге барудан “барғысы келмегеннен” емес, осындай көзқарастан барғысы келмейді. Мұндай жағдайда өмір сүру де, жұмыс істеу де мүмкін емес», – дейді ол.
Жас дәрігер нақты әрекет пен тексеру жүргізуді талап етті.
«Дәрігер – екінші сортты адам емес. Қызметтік тұрғын үй – жертөле емес, кіргеннің өзіне ұялатын жер болмауы керек», – деп жазды ол.
Сондай-ақ жазбасында ол жергілікті билік пен мемлекет басшысына үндеу жасап, көмек сұрады.
Біз бұл жайттың мән-жайын Алатау қаласының әкімдігінен анықтауға тырысамыз. Ақпарат қосымша хабарланатын болады.
