Алатау қаласына арнаулы құқықтық режим енгізуді көздейтін Конституциялық заң жобасы екінші оқылымға жан-жақты дайындалып, мазмұндық тұрғыда айтарлықтай толықтырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленген және қаланың ұзақ мерзімді, орнықты дамуына бағытталған жаңа құқықтық және экономикалық модель қалыптастыруды көздейді. Заң жобасы 20 наурызда Парламент Палаталарының бірлескен отырысында бірінші оқылымда мақұлданған болатын.
Екінші оқылымға әзірлеу барысында Бірлескен комиссия депутаттар мен тұрақты комитеттердің жүздеген ұсынысын қарап, нәтижесінде 331 позициядан тұратын салыстырмалы кесте қалыптастырылды.
Алдымен, заң жобасының атауы өзгертіліп, «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» деп нақтыланды. Бұл құжаттың мазмұны мен бағыттарын айқынырақ көрсетуге мүмкіндік береді.
Маңызды жаңалықтардың бірі – арнаулы құқықтық режимнің қолданылу ауқымы кеңейтілді. Енді оның жекелеген ережелері тек қаланың ішінде ғана емес, сонымен қатар қала маңындағы аумақтарға да таралуы мүмкін.
Экономикалық блок аясында бірқатар жаңа ұғымдар енгізілді. Олардың қатарында «басым салалар», «бизнес-лицензия», «реттеуші рұқсат» және «салықтық преференциялар» бар. Бизнес-лицензия механизмі арқылы Алатау қаласының резиденттеріне нақты қызмет түрлерін жүзеге асыруға құқық беріледі, ал оның талаптары мен шарттары заңмен бекітіледі.
Инвесторлар үшін ерекше жағдай жасау мақсатында «қаржылық орнықтылық» қағидаты күшейтілді. Яғни, инвестициялық жобаларға берілген салықтық режим тұрақты болып, өзгермейтіндігіне кепілдік беріледі. Сонымен қатар, барлық инвестициялық міндеттемелер, жеңілдіктер мен преференциялар туралы ақпарат ашық түрде жарияланып отырады.
Цифрлық трансформацияға да басымдық берілген. Депутаттардың түзетулеріне сәйкес, қаладағы барлық инфрақұрылымдық жүйелер – инженерлік желілер, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру және қоғамдық қауіпсіздік – бірыңғай цифрлық платформаға біріктіріледі. Бұл басқару тиімділігін арттырып, деректердің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселесі де ерекше назарда. Енді бизнеске қатысты тексерулерді тек Бас прокуратура органдары ғана жүргізе алады. Бұл норманың енгізілуі әкімшілік қысымды азайтып, тұрақты әрі болжамды іскерлік орта қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар, салықтық жеңілдіктерді теріс пайдалану тәуекелдерін болдырмау үшін арнайы тетіктер енгізілді. Яғни, басқа өңірлердегі бизнесті формалды түрде Алатауға көшіру арқылы артықшылықтар алуға жол берілмейді.
Бюджеттік бақылау да күшейтіледі. Алатау қаласы әкімшілігінің республикалық бюджет қаражатын пайдалану туралы есебі Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата ұсынатын жыл сайынғы есептердің құрамына енгізіледі. Сонымен бірге, әкімшілік өз қызметі мен бюджеттің орындалуы туралы есептерді тұрақты түрде интернет-ресурстарда жариялап отыруға міндеттеледі.
Қала басқару моделі де нақтыланды. Алатау қаласының Кеңесі негізгі стратегиялық шешімдерді қабылдайтын жоғары орган ретінде белгіленді. Сонымен қатар, әкімшілік құрылымның құқықтық мәртебесі айқындалып, оның өкілеттіктері кеңейтілді.
Депутаттар лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейтуді де ұсынды. Әкімшілік басшылығы, оның ішінде бас атқарушы директор мен қызметкерлер, сондай-ақ қала әкімі мен оның орынбасарлары өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде жауапкершілікке тартылады. Бұдан бөлек, әкімшілік актілерге сот арқылы шағымдану және олардың күшін жою мүмкіндігі қарастырылған.
Әлеуметтік бағытта инклюзивтілік мәселесіне де көңіл бөлінді. Заң жобасына мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қала ішінде еркін қозғалуына жағдай жасау, сондай-ақ сәулет және қала құрылысы саласында әмбебап дизайн қағидаттарын енгізу туралы түзетулер енгізілді.
Экологиялық талаптар да күшейтілуде. Әкімшілік қабылдайтын актілер қоршаған ортаны қорғау деңгейі бойынша Экология кодексінен төмен болмауы тиіс деген норма ұсынылды.
Жалпы алғанда, заң жобасы халықаралық тәжірибеге, соның ішінде Қытайдың Шэньчжэнь сияқты арнайы экономикалық аймақтарының үлгісіне сүйене отырып әзірленген.
Парламенттің барлық тұрақты комитеттері құжатты қолдап, оң қорытынды берген. Осыған байланысты депутаттар заң жобасын толық қабылдауды ұсынды.
