Алматыда әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша қылмыстық істер қозғалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің тапсырмасымен Алматы қаласында болған жол апаты алғашқы сәттен бастап ерекше бақылауға алынған. Сонымен қатар, қазір айтылып жатқан барлық уәж тексеріліп жатыр.
"Жол апаты бойынша бұған дейін қылмыстық іс қозғалған болатын. ZEEKR көлігінің жүргізушісіне сот санкциясымен қамауға алу шарасы қабылданды. Жол апаты кезінде ол жеңіл дәрежеде масаң күйде болған. Сондай-ақ, министрдің тапсырмасы бойынша қызметтік тексеріс басталды. Алматы қаласына Өзіндік қауіпсіздік департаментінің, Әкімшілік полиция комитетінің және Жеке құраммен жұмыс департаментінің басшылары тәжірибелі қызметкерлермен бірге жіберілді. Мемлекеттік нөмірлер заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғады", - деп жазылған хабарламада.
Полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік дерегі бойынша да қылмыстық іс қозғалған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.
"Барлық мән-жай, соның ішінде медиакеңістікте таралып жатқан ақпарат жан-жақты тексеріледі. Анықталған кемшіліктерге байланысты кадрлық шешімдер қабылданды. Министрдің бұйрығымен Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ, әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен босатылды. Заңбұзушылықтар расталған жағдайда оқиға қатысушылары да, лауазымды тұлғалар да жауапқа тартылады", - деді департамент бастығы - ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Еске салайық, қайғылы оқиға 21 наурызда Алматыда әл-Фараби даңғылында болды. Жол апаты салдарынан үш адам көз жұмды.
