Үкімет пен әкімдер жұмысының тиімділігін экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Оның сөзінше, Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Сонымен қатар, Президент әкімдерді тікелей сайлаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болатынын, оларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті екенін алға тартты.
«Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керек. Әкімдерді тікелей сайлаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болды. Бұл – екі жарым мыңнан астам басшы лауазымындағы қызметкер деген сөз. Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп. Сол себепті сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті болып тұр. Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алматы Азаматтық альянсының төрағасы, PhD Қайыржан Әбдіхалықовтың айтуынша, Президенттің аудан және қала деңгейіндегі әкімдерді сайлау мәселесіне үнемі назар аударуы – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасынан туындайтын шешімдердің бірі.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы алға қойылды. Бұл негізінен БҰҰ-ның 2005 жылы бекіткен тұрақты даму мақсаттарынан туындайды. Он жетінші тұрақты даму мақсаты осыны айқындайды. Яғни, бұл мақсат – мемлекет пен қоғам арасындағы серіктестікті орнату және кеңейту. Сондықтан Мемлекет басшысы алға қойған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да осы мақсатқа негізделеді. Бұл біздің қоғамымыз бен ел болашағы үшін маңызды мәселе болып табылады. Сондықтан жаңадан сайланған әкімдерді даярлау бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып тұр. Мемлекет басшысы Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырды. Меніңше, азаматтық қоғам да осы мәселеде өзінің орнын таба алады. Өйткені халықпен жұмыс істеуде үкіметтік емес ұйымдардың көптеген жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі бар. Осындай жобаны іске қосқанда азаматтық қоғам және тұрақты даму мақсаттарының рөлі ескерілуі тиіс деп есептеймін»,-деді Қайыржан Әбдіхалықов.
Сарапшының сөзінше, әкімдердің жұмысына беруде екі негізгі көрсеткішке сүйену маңызды. Біріншісі – экономикалық, яғни аймақтағы немесе жергілікті жердегі экономиканың даму көрсеткіштері, оның өсуі, екіншісі– азаматтардың әл-ауқатын көтеру мәселелері. Осы екі көрсеткіш бойынша әкімдердің жұмысы ашық болуы тиіс. Олар осы критерийлер бойынша халықпен тікелей жұмыс істеуі керек. Әлі де осы тұрғыда бірқатар олқылықтар бар, бұл туралы Мемлекет басшысы айтты.
«Әкімдер мен мемлекеттік органдар халықпен жұмысын оңтайлы жүргізуі керек. Халықтан келген арыз-шағымдардың бәрін қарап, сапалы түрде жауап беруі тиіс. Меніңше, осы тұрғыда мемлекеттік органдарға көмек көрсететін бірден-бір ұйым – Азаматтық қоғам институттары, яғни қоғамдық кеңестер, азаматтық альянстар және үкіметтік емес ұйымдар. Өйткені, бұл – нағыз азаматтық қоғамның сараптама топтары. Олар мемлекеттік органдарға көмек ретінде өз қызметін атқарып, халықтың мұң-мұқтажын қанағаттандыруға, әртүрлі мақсаттық топтардың проблемаларын шешуге бағытталған. Сондықтан мемлекеттік органдар ең алдымен осы азаматтық қоғам институттарына арқа сүйеуі керек. Мемлекет басшысы да осы мәселені атап өтті, себебі Президенттің басты назар аударған мәселесі – мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы серіктестікті одан әрі дамыту. Бұдан шығатын қорытынды мемлекеттік органдар азаматтық қоғаммен және азаматтық қоғам институттарымен жұмысын одан әрі күшейтуі қажет. Меніңше, кемелденген азаматтық қоғам біздің мемлекетімізге көп пайдасын тигізеді. Ең бастысы, жоғарыда айтылғандай, ол мемлекет пен халық арасындағы көпір ретіндегі елдегі көптеген проблемаларды шешуге қол ұшын бере алады»,-деді Алматы Азаматтық альянсының төрағасы.
Президент жиында мектептер салу мен жаңғырту жұмыстары жөнінде пікірін білдірді.
«Бюджет қаржысын үнемдеп, қаражаттың ашық жұмсалуын қамтамасыз ету маңызды. Бұған жол ашатын тәсілдерді енгізу жұмыстарын жалғастыру керек. Осы орайда мектепке дейінгі мекемелерді ваучерлік тәсілмен қаржыландыратын пилоттық жобаны атап өткен жөн. Мемлекеттік тапсырыс белгілі бір білім беру мекемесіне байланбайтын болды. Соның нәтижесінде, ата-аналар балабақшаны өздері таңдауға мүмкіндік алды. Енді бұл тәжірибені орта білім беру саласына енгізуге болады. Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір баланың білім алуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті», − деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алматы қаласы №178 мамандандырылған лицейінің директоры, ҚР Білім беру ісінің үздігі Қайратбек Шадиевтің пайымдауынша, мемлекеттік қаржының әр мектепке тиесілі бөлігін ваучер түрінде бөлу арқылы қаражаттың ашық және тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге болады. Бұл мектептерді бюджетті дұрыс жоспарлауға және ресурстарды ұтымды пайдалануға ынталандырады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және қиындықтарды еңсеру үшін стратегиялық ұсыныстарды ортаға салды. Соның бірі ваучерлік жүйе – бұл білім беру ұйымдарының қаржылық және әкімшілік дербестігін арттыратын механизм екендігін айтты. Бұл жүйе оқушыларға білім алуды таңдаудағы еркіндігін ұсынады, сонымен қатар мектептер арасында бәсекелестікті ынталандырады. Әділ бәсеке мен ваучерлік жүйенің орта білім беру ұйымдарына әсері мен тиімділігіне келетін болсақ, олардың үйлесімі бірқатар оң өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктер тудыруы мүмкін. Ваучерлік жүйе арқылы ата-аналар өз балаларының тілегі, жеке бейімділігі мен ерекшеліктерін ескере отырып, білім беру ұйымдарын таңдай алады. Бұл бәсекелестікті арттырып, мектептердің білім беру сапасын жақсартуға әсер етеді»,-деді Қайратбек Шадиев.
Оның сөзінше, мектептер оқушыларды тарту, олардың сұраныстарын қанағаттандыру үшін өз білім беру бағдарламалары мен қызметтерін жақсартуға мәжбүр болады. Сонымен қатар, бұл жекеменшік және мемлекеттік мектептер арасындағы теңсіздікті азайтуға көмектеседі. Мұның нәтижесінде жекеменшік мектептер де мемлекеттік мектептер секілді мемлекеттік тапсырыс ала алады, бұл білім беру жүйесінің әртүрлі секторлары арасындағы бәсекелестікті арттырады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділ бәсеке» жүйесіне орта білім беру ұйымдарының көшуі еліміздегі білім беру жүйесін жетілдіру мен дамытудың маңызды қадамдарының бірі болып табылады, — деді. Мұндай жүйеге көшудің бірнеше тиімділіктер мен артықшылықтарға әкелетіндігімен қатар, бұл жүйенің басты мақсаты – білім беру саласындағы әділдікті, теңдікті және сапаны қамтамасыз ету екендігін баса айтты. Осы ретте, «Әділ бәсеке» жүйесіне көшуде білім сапасы жақсарып, мектептердің нәтижелілігі бағаланып, үздік тәжірибелер мен инновациялар енгізіледі. Әр оқушының тең мүмкіндігі ескеріліп, өзінің қабілеттері мен қажеттіліктеріне сәйкес білім алу мүмкіндігі артады. Осы орайда, №178 мамандандырылған лицей оқушыларының білім сапасы мен пәнге деген қызығушылығын арттыру, болашақ мамандықты таңдаудың дұрыстығына көз жеткізу мақсатында оқу-тәрбие үдерісінде «Өндірістегі сабақ» және «Мен – практик» жобалары енгізілді. Бұл жобалар бойынша, оқушылар өмірдің өзі қоршаған ортадан тұратындығын сезініп, зерттеу жұмыстарының қарапайым нәрседен тұратындығын түсінеді; өздері тұратын аймақтағы өндіріс орындарына барып, виртуалды емес нақты ортаның әсерін таниды; алған білімдерін жұмыс орнында қолдануға болатындығын түсінеді; сондай-ақ арнайы мамандардың жұмысы мен жетістіктерін жеке өзі бақылай отырып, нақты тәжірибе алуға мүмкіндік алады»,-деді Алматы қаласы №178 мамандандырылған лицейінің директоры.
Қайратбек Хамзаханұлының айтуынша, жұмысшы мамандықтар жылының жас мамандарға берері көп.
«Биыл – жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы еліміздегі еңбек нарығының өзгерістеріне, жастардың мамандық таңдауындағы маңызды аспектілерге үлкен ықпал етіп отыр. Лицейге енгізілген жобалар арқылы да бұл бастаманың маңыздылығына толықтай сенемін және оны қолдаймын. Бұл шараның білім беру жүйесі үшін де, қоғам үшін де үлкен артықшылықтар мен мүмкіндіктер беретінін атап өткім келеді»,-деді Қайратбек Шадиев.
Мемлекет басшысы биыл оқу орындарының тапшылығын шешуге, апатты мектептерді және үш ауысымды оқытуды жоюға бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аяқталғандығын және үш жыл ішінде тағы 1300 мектеп жаңғыртудан өтетіндігін айтты.
«Жайлы мектеп» жобасының басты артықшылығы – мектептердің инфрақұрылымын заманауи стандарттарға сай жаңарту. Жаңа мектеп ғимараттары оқушылардың қауіпсіздігін, денсаулығын және ыңғайлы оқу шарттарын қамтамасыз етеді. Бұл жоба еліміздің барлық өңірлеріндегі мектептерге бірдей мүмкіндік береді. Әсіресе, шалғай ауылдар мен елді мекендердегі оқушылар үшін «Жайлы мектеп» жобасы білім алу жағдайын айтарлықтай жақсартады. Мектептер теңдей заманауи ресурстармен жабдықталып, білім беру сапасы бүкіл республика бойынша жақсарады. «Жайлы мектеп» жобасы білім беру саласын ғана емес, сонымен қатар, жалпы қоғамды дамытуға әсер етеді. Жобаның жүзеге асуы арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады, құрылыс, инженерлік, дизайнерлік және басқа салаларда мамандарға сұраныс артады. Бұл экономикалық өсімге ықпал етеді, әлеуметтік жағдайды жақсартады»,-деді ҚР Білім беру ісінің үздігі.