Әлеуметтік желіде шалғайдағы ауыл емес, нақ Алматыда отырып, балшыққа белшесінен батқан жұрттың видеосы пайда болып, көп қаралым жинауда. Бұл видеодағы үндеу қала әкімі Ерболат Досаев пен Алатау ауданының әкімі Талғат Малыбаевқа жолданған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әсіресе, бүгіндері бала-шағасымен белуардан батпақ кешіп жүрген Боралдай ықшам ауданының тұрғындары тағайындалғанына 7-8 ай болған аудан әкімі Талғат Малыбаевқа деген өкпесі қара қазандай. "Міне, баламның киімі, көзіңізбен көріңіз" деп балшыққа бөккен оқушы курткасын, сөмкесін, тіпті аяқ-киімін де видеода көрсеткен жергілікті әйел:
"Осы ретте әкім Талғат Малыбаевқа қойғымыз келетін сұрақ бар: Сіз және командаңыз немен айналысып жатырсыздар, өз басқаруыңыздағы аймақ тұрғындарының қалай өмір сүріп жатқанынан, қандай жолдармен жүріп жүргенінен хабардарыңыз бар ма? Жалпы, Боралдай ықшам ауданына ат басын бұру ойыңызда бар ма? Халық та Сізді асыға күтіп отыр Мына тұрғындардың жан айқайына құлақ асатын кез келді емес пе", - дейді ашына.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жолдар бастапқыда жап-жақсы болған. Онда да жергілікті биліктен қайыр болмаған соң өз қалталарынан ақша шығарып, құм-топырақ төктіріп тегістеп алған. Алайда көп оның қызығын көріп үлгермепті. Нақтырақ айтсақ, бұл мүмкіндіктен айырған осы елдімекенді ары-бері ойқастай дамылсыз басып өтетін бөтен жүк көліктері көрінеді.
Видеода Аламан, Османова, Ғалымбаева және Аршын көшелерінің адам көргісіз бейнесі сипатталады.
"Мешіттің жанындағы мына шұңқырды көметін біреу бар ма? Сырттан келген биік көліктердің өзі түсіп кетіп, шыға алмай жатыр мына арада. Адам түгілі мұнда көліктердің жүруі қиын. Айдалаға тастап кетеміз көлікті. Ал жедел жәрдемді шақырсақ, мұнда кіре қоюы екіталай", - дейді салы суға кеткен жергілікті тұрғындардың бірі.
Өз кезегімізде біз де бұл видеоны назарға алып, қиыншылыққа тап келіп отырған қарашаның үнін жеткізуді жөн көріп отырмыз. Сондықтан аталған мәселеге қатысты қала және аудан әкімдері тарапынан қандай да бір реакция болады деп күтеміз.