Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Жедел әрекет ету орталығы барлық туындаған сұрақтарға жедел басқарушылық шешім шығару үшін құрылғанын еске салды. Алғашқы күнен-ақ ЖӘЕО 5 мыңнан астам қоңырау қабылдап үлгерді.
– Жалпы аймақтың тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі бірқалыпты жұмыс істеп келеді, – деп белгіледі әкім. – Павлодар көшелерінде көлік саны біршама азайды, бірақ көлік легін тағы азайту бойынша жұмыстарды жалғастыру керек. Бүгін қала орталғындағы кеңсе ғимараттарының жанындағы тұрақта көлік көп. Бұл ретте, бақылау топтары карантин режимін барлығы сақтап жүрген, жүрмегенін тексеруі керек. Сонымен қатар, көліктердің көбі жолдың жүргін бөлігінде тұр. Бұған полиция департаменті мен жергілікті полиция қызметі назар аударуы керек.
Карантинге жабылған Павлодар қаласындағы үш және Екібастұз қаласындағы бір үйдің тұрғындары жайында қала әкімдері Қайрат Нүкенов пен Ержан Иманзаипов айтып берді. Қала басшылары тұрғындармен үнемі байланыста, олардың барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.
– Медицина қызметкерлеріне жағдай жасауға ерекше көңіл бөлулеріңізді сұраймын, – деп талап етті Әбілқайыр Сқақов. – Басқа аймақтардың тәжірбиесі көрсеткендей, дәрігерлердің коронавирус инфекциясын жұтыру қауіпі жоғары. Сондықтан науқастармен жұмыс жасайтын медицина қызметкерлері өз обасыларымен қарым-қатынас жасамаулары үшін, қонақ үйлерге орналастырылды.
Аймақ басшысы КВИ-мен күрес жүргізіп жатқан барлық медицина қызметкерлеріне қосымша төлем берілуі керектігін еске салды. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото түсірген Валерий Бугаев