Freedom Inside '26

«Айыппұлстан емес, қауіпсіз ел»: ІІМ басшысы қоғамдағы тәртіп туралы айтты

«Айыппұлстан емес, қауіпсіз ел»: ІІМ басшысы қоғамдағы тәртіп туралы айтты
polisia.kz

Заң мен тәртіп қағидаты елдің жаңа Конституциясында Әділетті Қазақстанды құрудың және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты негіздерінің бірі ретінде бекітілген. Ал мұның бәрі адамның саналы көзқарасы мен тәртібінен басталады. Дәл осы екі ұстаным құқықтық тәртіптің кепілі болып саналады. Қоғамда осыны түсіну деңгейінің артып келе жатқаны қуантады. Мұны азаматтардың заң бұзушылықтарға төзбеушілігі де көрсетіп отыр. Соңғы заңнамалық өзгерістер қоғамның құқық бұзушылықтардың алдын алу ісіне белсенді қатыса бастағанын аңғартады. Әлеуметтік желілер мен басқа да ашық алаңдарда азаматтардың қоғамдық айыптау мәдениетін қалыптастыруы да маңызды факторға айналды. Соңғы жылдары жағдай айтарлықтай өзгеріп келеді. Қауіпсіздік деңгейі артып жатыр. Әрине, жаңа цифрлық қауіп-қатерлер пайда болуда. Бірақ құқық қорғау органдары да заман ағымынан қалыс қалып отырған жоқ. Қауіпсіздік жүйесіндегі осы және өзге де үрдістер туралы polisia.kz Қазақстан полициясы күні қарсаңында Ішкі істер министрі Ержан Сәденовпен әңгімелесті, деп хабарлайды dalanews.kz.

– Ержан Сапарбекұлы, сіз құқық қорғау органдарында 30 жылдан астам қызмет еттіңіз. Еңбек жолыңызды 90-жылдардың басында, Қазақстан полициясы енді ғана құрылған кезеңде бастадыңыз. Ішкі істер органдарының тарихын жақсы білетін мамансыз деуге болады. Осы жылдар ішінде құқықтық тәртіп жүйесінде не өзгерді?

– Полицияның басты міндеті – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл міндет құқық қорғау жүйесінің бүкіл тарихында өзгерген емес. Осы мақсаттың айналасында уақыт талабына сай түрлі шаралар, рәсімдер, алгоритмдер мен басқа да тетіктер қалыптасады. Барлық өзгеріс жаңа сын-қатерлерге, заманауи үрдістердің қарқынды дамуына және азаматтардың санасының өзгеруіне байланысты жүзеге асырылады. Бұл – заңды құбылыс. Әр тарихи кезеңнің өз ерекшелігі, өз тәртібі болады.

Сериялық қылмыскерлер, тапсырыспен жасалған кісі өлтірулер, жол бойындағы бопсалау, күндіз көшеде ашық жасалған тонаулар, ұзақ уақыт ашылмай келген көп эпизодты қылмыстар – мұның бәрі болған. Ол кезде мұндай оқиғалар бұқаралық ақпарат құралдарында қазіргідей ашық жарияланбады. Бірақ көшеде, тіпті күндіз жүрудің өзі қауіпсіз болмағанын көпшілік ұмытпаған шығар деп ойлаймын.

Әлі күнге дейін алғашқы істерімнің бірін есіме аламын. Ол 90-жылдардың басы еді. Сол кезде тәулік бойы жұмыс істеуге тура келді. Қазіргі камералар да, цифрлық базалар да, заманауи байланыс құралдары да болған жоқ. Біз адамдардан сұрастырып, ондаған нұсқаны тексеріп, бар жұмысты өз қолымызбен атқардық. Бірнеше күн қатарынан көз ілмеген кездер болды. Сол кезде біздің мамандықта ұсақ-түйек пен кездейсоқтық болмайтынын түсіндім.

Бүгінде барлық санат бойынша қылмыс деңгейінің тұрақты төмендеуі байқалады. Бұл нәтижеге біз кезең-кезеңімен жеттік. Қылмыс саны жүйелі түрде азайып келеді.

Сонымен қатар бейнебақылау камераларынан бастап әртүрлі цифрлық құралдар қазақстандықтардың өміріне қауіпсіздіктің маңызды элементі ретінде енді. Алғашқы Жедел басқару орталығы 1999 жылы елордада ашылды. Қазір мұндай жүйе барлық облыс орталықтарында және көптеген аудандарда жұмыс істейді. Біз олардың санын одан әрі көбейтіп келеміз.

Қарапайым рациялардан автоматтандырылған жүйелерге кезең-кезеңімен көштік. Оның мүмкіндіктері де артып жатыр. Бүгінде бұл – бет-әлпет пен түрлі нысандарды тану жүйелерін, сондай-ақ жасанды интеллект элементтерін кеңінен қолданатын заманауи кешен. Қазір камералардың басым бөлігі Жедел басқару орталықтарына қосылған.

– Осыған кеңірек тоқталсақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында цифрлық трансформация арқылы көптеген міндеттерді шешу қажеттігін айтқан болатын. Қазіргі таңда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қандай цифрлық шешімдер көмектесіп жатыр?

– Ең алдымен – бейнебақылау жүйесі. Бүгінде еліміз бойынша шамамен 2 миллион камера жұмыс істейді. Оның ішінде жасанды интеллект жүйелерімен жабдықталған 44 мыңға жуық интеллектуалды камера бар.

Бұл құрылғылар адамның жүзін тануға, қараусыз қалған заттарды, қаруды, адамдардың шоғырлануын немесе түтінді анықтауға мүмкіндік береді. Осы камералардың көмегімен екі мыңға жуық адам табылды. Олардың арасында іздеуде жүргендер де бар.

Бірыңғай «ТОР» платформасы көліктердің қозғалысын бақылайды, қылмысқа қатысы бар көліктерді іздейді, қауіпті немесе шаршаған жүргізушілерді анықтайды.

Осыдан бес жыл бұрын дрондардың қоғамдық тәртіпті қадағалайтынын елестету қиын еді. Ал бүгінде бұл – қалыпты жағдай. Қазір олар криминалистикалық құрал ретінде де пайдаланылады. Фотоаппарат пен бейнекамераға қарағанда үлкен аумақты және алыстағы нысандарды толық қамтып түсіре алады. Бұл қылмыстарды ашуға көмектеседі.

Мысалы, Түркістан облысында ұшқышсыз аппарат мал ұрлығын тіркеді. Соның нәтижесінде ұрылар ұсталып, ұрланған мал иесіне қайтарылды.

Сонымен қатар бұл құрылғылар жолдағы жағдайды да бақылап отырады.

Соңғы цифрлық жаңалықтардың бірі – робот-иттер. Бұдан бөлек, көптеген жылдар бойы бейнетіркегіштер мен болжамды талдау элементтері қолданылып келеді.

Сондай-ақ азаматтарға құқық бұзушылықтар туралы онлайн хабарлауға мүмкіндік беретін «Заң және тәртіп» цифрлық сервисі іске қосылды.

Осы цифрлық шешімдердің барлығы қарапайым камералардан аналитикалық мүмкіндіктері бар толыққанды цифрлық қауіпсіздік экожүйесіне көшкенімізді көрсететін таптырмас көмекшілер.

– Жақында «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» заң қабылданды. Оның бір нормасы заң бұзушылықтар туралы хабарлаған азаматтарды ынталандыруды көздейді. Мұндай жағдайда жеке басының мүддесін көздейтін адамдар жалған ақпарат беруі мүмкін деген қауіп жоқ па? Кейбір Еуропа елдерінде көршілерден шағым түссе, ата-аналық құқықтан айыруға дейін баратыны белгілі. Бізде бұл тетік қалай жұмыс істейді?

– Әрбір хабарлама мұқият тексеріледі. Бір ғана ақпарат адамның тағдырын шешуге жеткіліксіз. Оның үстіне жалған ақпарат бергені үшін жауапкершілік ешқайда жойылған жоқ. Тек нақты дәлелдер болған жағдайда ғана шара қолданылады.

Сонымен бірге бейжай қарамай, түрлі заң бұзушылықтар туралы хабарлайтын азаматтардың көмегі өте маңызды екенін түсінуіміз керек.

Ал балаларды отбасынан алу мәселесіне келсек, бұл – ең соңғы шара. Ол тек балаға жасалған қатыгездік пен орынсыз қарым-қатынасқа толық көз жеткізілген жағдайда ғана қолданылады.

Тәжірибеде мұндай мысалдар аз емес. Кейде ата-ананың әрекеті басқа амал қалдырмайды. Биыл Шымкентте өз балаларының бетін үтікпен күйдірген әйел бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар туралы туыстар әрдайым хабарлай бермейді. Кейде бөтен адамдар көбірек жанашырлық танытады.

Мысалы, Жетісу облысында тұрғындар анасымен бірге ауруханаға түскен соққыға жығылған қыздың видеосын түсіріп, тиісті органдарға хабарлаған. Кейін баланы әкесі ұрып-соққаны анықталды. Ол сотталды.

Жалпы осы заң аясында ескерту институты да енгізілді. Біздің мақсатымыз – адамды жазалау немесе қорқыту емес. Ең бастысы – алдын алу, қайғылы жағдайларға, қазақстандықтардың материалдық шығынына және халықтың әл-ауқатына әсер ететін басқа да салдарға жол бермеу.

Қазірдің өзінде құқық бұзушылыққа немесе қылмысқа себеп болуы мүмкін әрекеттер жасайтын адамдарға қатысты 7 мыңнан астам ескерту шығарылды.

Мысалы, адам қоғамдық моральға қайшы әрекет жасап, үнемі спирттік ішімдік ішетін адамдарды жинайды, қарапайым қоғамдық тәртіп нормаларын бұзады. Иә, заң бойынша мұндай әрекеттерге тікелей тыйым салынбаған болуы мүмкін. Бірақ оның соңы әлдеқайда ауыр салдарға әкелуі ықтимал.

– Қазақстанда алғаш рет әкімшілік рақымшылық жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар мас күйде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін қысқарту туралы ұсыныстар айтылды. Бұл мәселеге қатысты ұстанымыңыз қандай?

– Жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін қысқарту – мас күйінде көлік жүргізуді қолдаумен тең. Жеңілдік беру – осындай «батырлардың» қолын босатып қою деген сөз. Біздің міндетіміз – мұндай жағдайларды барынша азайтып, қоғам санасында оған қатысты қатаң әрі ымырасыз көзқарас қалыптастыру. Рөлге мас күйде отырмау жүргізуші мәдениетінің бұлжымас қағидатына айналуы тиіс.

Жыл басынан бері осындай жауапсыз жүргізушілердің кесірінен 200-ден астам жол-көлік оқиғасы болды. Соның салдарынан 300-ге жуық адам зардап шекті, қаза тапқандар да бар. Әрбір осындай апаттың артында ойран болған отбасылар, тағдыры талқандалған адамдар және ата-анасын енді ешқашан көрмейтін балалар тұр.

Айта кетерлігі, Қытайда адам өліміне әкелген мұндай жол апаты үшін өлім жазасына дейін қарастырылған. Ал АҚШ-та мас күйде көлік жүргізгені үшін өмір бойына жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қолданылады. Мұндай қатаң ұстанымның мысалдарын көптеп келтіруге болады. Адам қайғысына себеп болуы мүмкін кез келген жағдайдың тамырын кесу керек.

– Жақында Президент елімізді «айыппұлстан» деп атайтындарды сынға алды. Бұл туралы сіздің пікіріңіз қандай?

– Әлемнің барлық елінде айыппұл тәртіп орнатудың тиімді құралдарының бірі саналады. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар қалтасына салмақ түскенде ғана ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінеді.

Кез келген жазаның басты мақсаты – құқықтық тәртіпті нығайтып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бүгін қандай қағидалар мен құндылықтарды қалыптастырсақ, ертең балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы соған байланысты болады. Олар өзара сыйластықта өмір сүре ме, жоқ па – бұл да бүгінгі таңдаған жолымызға тәуелді.

Қазір қоғамда мәдениеттілік пен жауапкершілікті арттыратын, кез келген тәртіпсіздікке төзбеушілік қалыптастыратын нормаларды қабылдау кезеңі жүріп жатыр.

Айыппұл заңды сақтағаны үшін салынбайды. Ол ережені саналы түрде бұзған адамға беріледі. Оның қателігі өзгелерге сабақ болуы керек. Әр адам бала кезінен заңға бағынатын азаматтың мұндай әрекетке бармайтынын түсініп өсуі қажет.

Мысалы, Ұлытау облысында балалардың стадиондағы орындықтарды әдейі сындыруы немесе Астанада саябақтағы мүлікті бүлдіруі – жол беруге болмайтын әрекет. Ал Атырау облысында ересектерден кейін қоқыс жинап жүрген кішкентай баланың әрекеті үлкендерге де үлгі бола алады. Бұл – тәртіптің қадірін түсінетін ұрпақ өсіп келе жатқанының белгісі.

Тарихқа көз жүгіртсек, XIX ғасырда адамдар бағдаршамның не екенін білген жоқ. Ал бүгін қызыл жарық жанса, бәріміз тоқтаймыз және бұл қалыпты жағдайға айналды. Қазақстанда алғашқы бағдаршам өткен ғасырдың 30-жылдары Алматыда орнатылған кезде қалада шамамен 8 мың көлік болған. Ал қазір Алматының өзінде 700 мыңнан астам көлік бар, ел бойынша олардың саны 6 миллионнан асады. Осындай құрылғылар болмаса не боларын бір сәт елестетіп көріңізші.

Жалпы адам заңды сақтап өмір сүрсе, өзін еркін сезінеді. Оған қорқудың да, ақталудың да қажеті жоқ. Бекер айтылмаған ғой: қалай әрекет етуді білмесең, заңға сүйен.

– Соңғы жылдары не өзгерді? Ақпарат кеңістігінде қылмыстық жаңалықтар көбейіп кеткендей көрінеді. Қылмыс шынымен артты ма?

– Жоғарыда айтқанымдай, соңғы жылдары қылмыс деңгейі тұрақты түрде төмендеп келеді. Бұл – ең алдымен ресми статистикамен дәлелденген факт.

Биыл қылмыстардың жалпы саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға немесе 3,6 мың оқиғаға азайды. Сонымен бірге қылмыстарды ашу көрсеткіші де жақсарды.

Қарақшылық деректері шамамен 40 пайызға қысқарды, тонау фактілері 20 пайыздан астам азайды. Сондай-ақ жыл сайын ұрлық, мал ұрлығы, бұзақылық, ауыр және аса ауыр қылмыстар, оның ішінде адам өлтіру оқиғалары да азайып келеді.

Қылмыстық ахуалға тек жаңалықтар легіне қарап баға беруге болмайды. Қазір ақпарат көздерінің саны әлдеқайда көп екенін ескеру керек. Бұрын қылмыстар туралы аз айтылатын. Көптеген оқиға жария болмай қалатын. Ал қазір ашықтық артты. Іс жүзінде барлық дерек қоғамға белгілі болады.

Мұндай ашықтықтың жақсы жақтары бар. Соның бірі – профилактика. Алайда мұндай материалдарды таратқанда әр адам жауапкершілікті сезінуі тиіс. Әсіресе онда зорлық-зомбылық пен қатыгездік көріністері болса.

Жақынынан айырылған адамдардың сезімін де ұмытпау керек. Қызығушылық пен «лайк» жинауға ұмтылу бірінші орында тұрмауы тиіс. Өйткені әрбір осындай оқиғаның артында адам қайғысы жатыр.

Жалпы криминогендік ахуал тұрақты. Барлығы салыстыру арқылы танылады дейді ғой. Шетелге жиі барып тұратын отандастарымыз бен шетел азаматтарының еліміздегі қауіпсіздік деңгейіне жоғары баға беретін пікірлерін жиі естимін. Бұл – ең маңызды көрсеткіштердің бірі.

– 23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Бірақ құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін мереке де, демалыс та жоқ екенін білеміз. Өйткені қылмыстың уақыты болмайды. Азаматтар көбіне полиция жұмысына ішкі жағдайды білмей баға береді. Сонымен қатар полицей әрдайым физикалық тұрғыдан дайын, сыпайы және кез келген уақытта көмек көрсетуге әзір болуы керек деп есептейді. ІІМ қызметкерлерді даярлауда қандай басымдықтарға мән береді? Сіздің ойыңызша, полиция офицері қандай болуы керек?

– Полицейдің еңбегі – көп жағдайда көзге көріне бермейтін, бірақ өте жауапты жұмыс. Оның басты нәтижесі – азаматтардың өзін қауіпсіз әрі қорғалған сезінуі.

Полиция жұмысына бір ғана оқиға арқылы баға беруге болмайды. Әрине, жеке құрам арасындағы кез келген келеңсіз жағдай төтенше оқиға ретінде қаралады және оған принципті баға беріледі. Бірақ полиция – күн сайын елдің түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүрген ондаған мың қызметкер екенін ұмытпау керек.

Полиция қатарына еңбек жолын енді бастап жатқан жастар келеді. Олар адамдардың тағдыры мен қауіпсіздігіне әсер ететін шешімдер қабылдауды үйренеді. Бұл – өзіміздің азаматтарымыз, сол аулаларда өскен, сол мектептерде оқыған жастар.

Сондықтан полицияны қоғамнан бөліп қарауға болмайды. Бүкіл жүйеге жекелеген әрекеттер арқылы баға беру де дұрыс емес. Біз жұмыс істейміз, тәрбиелейміз, қажет болса жазалаймыз.

Егер адам саналы түрде заңды бұзып, антынан тайып, қызмет мүддесіне қарсы әрекет етсе, мен мұны сатқындық деп санаймын. Ал сатқындыққа жол жоқ.

Сонымен бірге біздің міндетіміз тек құқық бұзушылықтың жолын кесіп, жауапкершіліктің бұлжымай орындалуын қамтамасыз ету ғана емес. Бүгінде полицияның рөлі әлдеқайда кеңейді.

Полиция – Заң мен Тәртіп қағидатын жүзеге асыратын мемлекеттік саясаттың негізгі тетіктерінің бірі. Біздің қызметкерлер елдің барлық дерлік елді мекенінде бар. Көптеген шалғай ауылдарда учаскелік инспектор адамдар көмек, кеңес және қолдау сұрап жүгінетін мемлекеттің жалғыз өкілі болуы мүмкін. Кейде басқа мемлекеттік органдар болмауы ықтимал, бірақ полиция әрдайым халықпен бірге.

Сондықтан қазіргі заманғы полицей тек құқық бұзушылықтарға әрекет етумен шектелмеуі керек. Ол қоғамда заңға құрмет мәдениетін қалыптастырып, жеке үлгісі арқылы заңға бағынудың маңызын көрсетуі, азаматтарға көмектесуі және мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуы тиіс.

Осыған байланысты кадр даярлау тәсілдерін қайта қарап жатырмыз. Қызметке іріктеу рәсімі ашық әрі қолжетімді бола түсті. Қазір кез келген азамат Qyzmet-police.kz платформасы арқылы құжат тапсырып, қызмет шарттарымен танысып, іріктеудің барлық кезеңін онлайн бақылай алады.

Кандидаттардың зияткерлік әлеуетіне ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі заман аналитикалық ойлауды, үлкен деректермен жұмыс істеуді және жаңа технологияларды меңгеруді талап етеді. Сондықтан олимпиада мен ғылыми байқау жеңімпаздарына, сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласының мамандарына қосымша артықшылық беріледі.

Бұл тәсіл киберқылмыс пен интернет-алаяқтыққа қарсы бөлімшелердің әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар біз заманауи оқу алаңдары мен арнайы зертханалар құрып жатырмыз. Онда қызметкерлер ұшқышсыз аппараттармен, цифрлық жүйелермен және басқа да жаңа технологиялармен жұмыс істеуді меңгереді.

Байланыс дағдыларына да ерекше назар аударамыз. Қазақстан барған сайын ашық елге айналып келеді, шетелдік туристер саны жыл сайын артып жатыр. Сондықтан қазіргі полиция қызметкері үшін қарым-қатынас мәдениеті мен шет тілдерін білу маңызды.

Сондай-ақ барлық азамат қажетті көмек ала алуы үшін қызметкерлерді ымдау тіліне де үйретуді жалғастырып келеміз.

Әрине, физикалық дайындық міндетті талап болып қала береді. Бұл бағытта төзімділікті, тәртіпті және төтенше жағдайларда әрекет ету қабілетін қалыптастыратын қолданбалы спорт түрлеріне басымдық беріледі.

Сонымен қатар ешқандай технология адам тәжірибесін алмастыра алмайды. Сондықтан ардагерлеріміздің рөлі ерекше. Барлық аумақтық бөлімшелерде жас қызметкерлерге кәсіби білім мен қызмет құндылықтарын үйрететін тәлімгерлер кеңесі жұмыс істейді.

Қазіргі полиция офицері қандай болуы керек деген сұраққа келсек, ең алдымен ол мінсіз адамгершілік қасиеттерге ие тұлға болуы тиіс.

Техниканы меңгеруге, заңнаманы оқып үйренуге, ең заманауи цифрлық жүйелерді пайдалануға болады. Бірақ адалдықты, әділдікті және адамгершілікті адамның бойында болмаса үйрету мүмкін емес.

Нағыз офицер күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын, сабырын сақтайтын, адамдарға құрметпен қарайтын әрі заң талаптарына келгенде принципшіл болатын кәсіби маман болуы керек.

Ол ең алдымен өзіне талап қоя білуі тиіс. Өйткені көптеген азамат үшін полиция қызметкері – мемлекеттің алғашқы өкілі.

Полиция офицерінің күші шенінде, өкілеттігінде немесе физикалық дайындығында емес. Оның басты күші – халықтың сенімінде.

Ал сенімді адалдықсыз, әділдіксіз, адамгершіліксіз және әр адамға құрметпен қарамай иелену мүмкін емес.

Ең бастысы, полиция қоғамнан бөлек өмір сүре алмайды. Заң мен Тәртіп патруль көлігінен де, тергеушінің кабинетінен де басталмайды. Ол әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады.

Қоғамда заңға құрмет пен өзара жауапкершілік неғұрлым жоғары болса, мемлекет те соғұрлым мықты, ал азаматтардың өмірі соғұрлым қауіпсіз болады.