Қарағандыда сот тұрғынның суретін оның келісімінсіз әлеуметтік желіде жариялаған жауапкерден 100 мың теңге өндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Іс Қазыбек би аудандық сотында қаралған. Сот азаматтың өз бейнесіне құқығын қорғап, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 145-бабына сүйенген. IMG_2607.png
Сот анықтағандай, 2026 жылғы 20 ақпанда талапкер Instagram әлеуметтік желісінен өзінің бейнесі жарияланған жазбаны байқаған. Жарияланымда оның суреті мәтінмен бірге орналастырылған.
Осыдан кейін әйел жауапкерге сотқа дейінгі талап жолдап, жарияланымды өшіруді және моральдық зиян үшін 250 мың теңге өтемақы төлеуді сұраған. Алайда талап орындалмаған соң, ол сотқа жүгінген.
Талапкер соттан суретті әлеуметтік желіден алып тастауды, оны әрі қарай пайдалануға тыйым салуды және моральдық зиянды өтеуді сұраған.
Жауапкер талап арызды мойындамаған. Оның айтуынша, талап алғаннан кейін жарияланым 2026 жылғы 30 наурызда өшірілген.
Сот адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға заңда көзделген жекелеген жағдайларда ғана жол берілетінін атап өтті. Бұл ретте даулы фотосуреттің жауапкердің ашық парақшасында талапкердің келісімінсіз ұзақ уақыт болғаны анықталған. Ал суретті келісімсіз пайдалануға заңда көзделген негіздердің бар екеніне сот дәлел таппаған. IMG_2607.png
Нәтижесінде талап ішінара қанағаттандырылып, жауапкерден талапкердің пайдасына 100 мың теңге моральдық зиян өтемақысы және сот шығындары өндірілді. Сондай-ақ әйелдің суретін әрі қарай пайдалануға тыйым салынды.