KazHackStan 2026: Астанада киберқауіпсіздік бойынша халықаралық конференция өтеді

KazHackStan 2026: Астанада киберқауіпсіздік бойынша халықаралық конференция өтеді
The Tech

29–30 қыркүйекте Астанада киберқауіпсіздік саласындағы халықаралық KazHackStan 2026 конференциясы өтеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс-шара Тәуелсіздік сарайында ұйымдастырылады. Биылғы конференцияның негізгі тақырыбы – Cyber Resilience («Киберустойчивость»).

KazHackStan 2026 – Орталық Азиядағы мемлекет, бизнес, технологиялық компаниялар, халықаралық сарапшылар мен хакерлер қауымдастығын біріктіретін ірі кәсіби алаң.

Биыл конференцияда тек кибершабуылдардың алдын алу мәселесіне ғана емес, шабуылдан кейін жүйелердің жұмысын жалғастыру қабілетіне де назар аударылады. Мемлекеттік жүйелер, компаниялар мен цифрлық сервистер қауіптерді уақтылы анықтап, инциденттерге жауап беріп, жұмысты қалпына келтіріп, тіпті ірі шабуылдан кейін де жұмысын жалғастыра алуы керек.

Киберқауіпсіздік мәселесі бүгінде тек сала мамандарына қатысты емес. Интернет-алаяқтық, жеке деректердің таралып кетуі, фишинг, дипфейктер және басқа да цифрлық қауіптер азаматтарға күн сайын әсер етеді. Осыған байланысты KazHackStan 2026 кәсіби мәселелермен қатар қоғамның цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне қатысты тақырыптарды да қамтиды.

Бірінші күн – GOVERNMENT & BUSINESS DAY

Конференцияның бірінші күні мемлекеттің, бизнестің, маңызды инфрақұрылымның кибертұрақтылығына және азаматтардың қауіпсіздігіне арналады.

Негізгі тақырыптар:

•⁠  ⁠азаматтарды интернет-алаяқтықтан, қаржы пирамидаларынан және әлеуметтік инженериядан қорғау;
•⁠  ⁠жеке деректердің таралып кетуі және оларды қорғау;
•⁠  ⁠фейктер, дипфейктер және ақпараттық манипуляциялар;
•⁠  ⁠киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың практикалық мысалдары;
•⁠  ⁠маңызды инфрақұрылымды қорғау;
•⁠  ⁠кибертәуекелдерді басқару және басшылардың жауапкершілігі;
•⁠  ⁠мемлекет, бизнес және ақпараттық қауіпсіздік мамандарының өзара іс-қимылы;
•⁠  ⁠жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және цифрлық трансформацияға байланысты жаңа қауіптер.

Екінші күн – SECURE DEVELOPMENT & HACK DAY

Екінші күн қауіпсіз әзірлеу, техникалық киберқауіпсіздік және практикалық хакерлікке арналады.

Secure Development бағыты бойынша:

•⁠  ⁠AppSec және DevSecOps;
•⁠  ⁠әзірлеудің барлық кезеңіндегі қауіпсіздік;
•⁠  ⁠бұлтты инфрақұрылымды қорғау;
•⁠  ⁠осалдықтарды анықтау және жою;
•⁠  ⁠әзірлеуде жасанды интеллектті пайдалану және онымен байланысты жаңа тәуекелдер.

Hack бағыты бойынша:

•⁠  ⁠қазақстандық және халықаралық жетекші сарапшылардың техникалық баяндамалары;
•⁠  ⁠шабуылдар мен олардан қорғану әдістерінің тікелей көрсетілімдері;
•⁠  ⁠нақты осалдықтар мен киберинциденттерді талдау;
•⁠  ⁠ICO 2027 ұлттық іріктеуінің финалы – Италияда өтетін Халықаралық киберқауіпсіздік олимпиадасына Қазақстан құрамасына қатысатын оқушыларды іріктеудің күндізгі кезеңі. Байқау Jeopardy CTF форматында өтеді;
•⁠  ⁠практикалық киберқауіпсіздік бойынша ауқымды CyberKumbez байқауының финалы.

Конференция алаңында көрме аймағы да жұмыс істейді. Онда қазақстандық және халықаралық компаниялар киберқауіпсіздік саласындағы өнімдері мен технологияларын таныстырады.

KazHackStan мемлекеттік органдардың, қаржы секторының, ірі, орта және шағын бизнестің, IT-компаниялардың, әзірлеушілердің, зерттеушілердің, ақпараттық қауіпсіздік мамандарының және хакерлер қауымдастығының өкілдерін біріктіреді.

KazHackStan 2026 конференциясының негізгі идеясы – қарапайым қорғаныстан кибертұрақтылыққа көшу. Яғни мемлекет, бизнес және қоғам цифрлық шабуылдарға төтеп беріп, олардың салдарынан кейін тез қалпына келіп, жұмысын жалғастыра алуы керек.

Конференцияны киберқауіпсіздік және цифрлық егемендік саласындағы өңірлік көшбасшы TSARKA Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментімен бірлесіп ұйымдастырады.

Іс-шара негізгі серіктестердің қолдауымен және қатысуымен өтеді. Олардың қатарында Freedom Bank, Arizona State University, Astana Hub халықаралық технопаркі және Астана қаласының әкімдігі бар.

KazHackStan 2026 29–30 қыркүйекте Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында, Тәуелсіздік даңғылы, 52 мекенжайында өтеді.