Air Astana сотта жеңіліп қалды

Көркем Алдабергенова 20 қаң. 2026 09:25

Air Astana әуе компаниясы рейске отырғызылмаған жолаушыға қатысты тағы бір сотта жеңіліп қалды. Бұл жолы талап-арызды Қызылорда тұрғыны Торғын Әбілқайырова түсірген, деп хабарлайды Dalanews.kz журналист Михаил Козачковқа сілтеме жасап. 

Әйел 2025 жылғы 16 тамызда Алматыға ұшуы керек болған. Ол әуе компаниясының талаптарына сай онлайн тіркеуден алдын ала өтіп, әуежайға да уақытында келген. Алайда соған қарамастан, жолаушыны ұшақ бортына кіргізбеген.

Әуе компаниясы мұны жүйеде техникалық ақау болды деп түсіндірген.

Нәтижесінде Торғын Әбілқайырова Алматыға ұша алмай қалып, өз құқығын қорғау үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

Талап-арыз және өтемақы

Жолаушы соттан:

5 млн теңге – моральдық зиян үшін,

200 мың теңге – адвокат қызметінің шығыны,

56 606 теңге – пайдаланылмаған билет құнын өндіріп беруді сұраған.

Сот шешімі

Істі қараған судья Индира Абекова Air Astana компаниясы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңды бұзғанын анықтады.

Сот шешімінде сатып алынған әуе билеті қызмет көрсету туралы келісімшарт болып саналатыны, ал авиакомпания өз міндетін толық орындамағаны көрсетілген.

Нәтижесінде талап-арыз ішінара қанағаттандырылды:

  • жолаушыға билет құны толық қайтарылады;
  • адвокат шығындары өтеледі;
  • моральдық зиян мөлшері 500 мың теңге деп белгіленді.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ және апелляциялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.

Айта кетейік, 2024 жылы осындай жағдай кәмелетке толмаған Зере есімді қыздың басынан өткен. Ол овербукинг салдарынан FlyArystan рейсімен Астанадан Оралға ұша алмай, әуежайда қалып қойған.

Кейін баланың ата-анасы сот арқылы 5 миллион теңге көлемінде өтемақы өндіріп алған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove