Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Қазақстан аумағында заңсыз жұмыс істеген Nomad Poker онлайн казиносының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу барысында бұл платформа Club GG Poker мобильді қосымшасы негізінде жұмыс істегені және оны Қазақстан азаматтары Грузия аумағынан басқарғаны анықталған.
ҚМА мәліметінше, мұндай тәсіл ұйымдастырушылардың жеке басын жасыруға, ақша айналымын бақылауды қиындатуға әрі шетел азаматтарының атына рәсімделген банк шоттары мен байланыс құралдарын пайдалануға мүмкіндік берген.
Онлайн казино тәулік бойы жұмыс істеп, ойыншыларға онлайн покер ойнап, ақша тігуге және ұтысты қолма-қол ақшаға айналдыруға жағдай жасаған. Жаңа ойыншыларды тарту үшін әлеуметтік желілер, мессенджерлер және түрлі жарнамалар қолданылған. Соның нәтижесінде платформаға 20 мыңнан аса адам тіркелген.
Тергеу мәліметіне сәйкес ұйымдастырушылар ақша аударымдарын жүргізу үшін "дропперлердің" банк шоттарын пайдаланған. Ол үшін Қазақстанға шетел азаматтары арнайы шақырылып, олардың атына банк карталары мен мобильді банкинг қызметтері рәсімделген. Мұндай қызмет үшін әр адамға 400 АҚШ долларына дейін ақы төленген.
ҚМА дерегінше, заңсыз казино жұмысына 60-тан аса дроп-шот тартылған. Ойыншылардан түскен қаражаттың жалпы көлемі 7,5 миллиард теңгеден асқан.
Сот санкциясымен Алматыдағы бір пәтерге, үш көлікке және дропперлердің банк шоттарындағы 158 миллион теңгеге тыйым салынды.
Қазір бұл іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.