Ыстамбұлдағы Айя-София мешітінде Библиядан үзінді оқығаны үшін ұсталған екі Ресей азаматы 17 шілдеде елдеріне депортацияланады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы ресейлік ТАСС агенттігі хабарлады. Бұған дейін Ресейдің Ыстамбұлдағы Бас консулдығы Виктория мен Игорь Филоновтардың полиция тарапынан ұсталып, кейін депортациялық орталыққа жеткізілгенін мәлімдеген. Дипломатиялық өкілдік олардың ісі бақылауда екенін хабарлады.
Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, ерлі-зайыпты 13 шілде күні қазіргі уақытта мешіт ретінде қызмет ететін Айя-София ғимаратында Библиядан үзінді оқығаны үшін ұсталған.
Басылымдардың жазуынша, оларға қатысты Түркия Қылмыстық кодексінің «өшпенділік пен араздықты қоздыру немесе қоғамды қорлау» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Алайда Түркия билігі бұл ақпаратты әзірге ресми түрде растаған жоқ.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Ыстамбұл полициясындағы дереккөздер оқиғаның болғанын растағанымен, қосымша түсініктеме беруден бас тартқан. Сондай-ақ провинциялық әкімдік пен Көші-қон басқармасы да бұл жағдайға қатысты пікір білдірмеген.
Ұсталғандар тоқтаған қонақүй әкімшілігі де қолданыстағы заңнамаға сәйкес қонақтар туралы мәліметті үшінші тұлғаларға беруге болмайтынын айтып, олардың қайда екені туралы ақпарат таратудан бас тартқан.
Еске салайық, осыдан бір жарым ай бұрын Ыстамбұл соты Айя-Софияда Византияның қос басты қыраны бейнеленген және «Православие немесе өлім» деген жазуы бар туды ілген екі Грекия азаматын 10 айға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, оларға бес жылдық сынақ мерзімін белгілеген.