Аға буынның өнегесі – жастарға бағдар: Алматы облысында ұрпақтар сабақтастығы мәселелері талқыланды

Аға буынның өнегесі – жастарға бағдар: Алматы облысында ұрпақтар сабақтастығы мәселелері талқыланды

Алматы облысында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайыновтың қатысуымен «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Басқосуды ашқан Ерболат Тұрымбетов бүгінде ардагерлер ұйымының алдында жастарға патриоттық тәрбие беру, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және өзара іс-қимылды дамыту және тарихи жадыны сақтау міндеттері тұрғанын тілге тиек етті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алғашқы сөз облыс әкімінің міндетін атқарушы Әсет Масабаевқа берілді.

– Бүгінде облыстың ардагерлері ел бірлігін нығайтуға, қоғамдық келісімді сақтауға, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге және жастар тәрбиесіне белсенді атсалысып келеді. Атап айтқанда, жыл сайын өтетін «Қымызмұрындық» мерекесі, «Мерейлі отбасы» байқауы, батагөйлер сайысы, аналар мен жастар арасында кездесулер және түрлі мәдени-танымдық шаралар – осы белсенділіктің нақты көрінісі. 300-ден астам бастауыш ұйымы жұмыс істейтін, 150 мыңнан астам адамды біріктіріп отырған облыстық ардагерлер ұйымымен тұрақты байланыстамыз. Өңірдің өзекті мәселелерін талқылауда олардың пікіріне, тәжірибесі мен ұсыныстарына әрдайым сүйенеміз. Аға буынның әлеуметтік жағдайын жақсарту, денсаулығын нығайту және бос уақытын тиімді ұйымдастыру да назардан тыс қалмайды. Өңірде 1 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы және оның 11 филиалы бар. Қазіргі таңда олар 2700-ге жуық адамды түрлі қызметтермен қамтып отыр, – деген Әсет Дүйсебекұлы ардагерлердің «Заң және тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарын орнықтыруға, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қосып жатқан үлесін атап өтті.

Келесі кезекте Әбілғазы Құсайынов қазіргі кезде ардагерлер ұйымдарының алдында жастарға аға буынның өмірлік тәжірибесін жеткізу, отбасылық және адамгершілік құндылықтарды нығайту, патриотизмді тәрбиелеу және тарихи жадыны сақтау міндеттері тұрғанын атап өтті. Сонымен бірге барлық өңірде ардагерлер ұйымы тарапынан орасан жұмыс атқарылғанымен, олардың қызметі туралы толық ақпараттандырылмай отырғанына қатысушылардың назарын аударды. Facebook, Instagram, Telegram секілді әлеуметтік желілерді дамытуға назар аудару уақыт талабы екенін, ардагерлердің бұл бағытта заман ағымынан қалмай, өскелең ұрпаққа үлгі болуы керегін қаперге салды.

– Біз тек атқарған жұмысымыз туралы есеп беріп қана қоймауымыз керек. Біздің міндетіміз – әлеуметтік желілерді тәрбие, тағылым және тәжірибе алмасу құралы ретінде пайдалану. Қазір әлеуметтік желілерде ақпараттық материалдармен қатар, жағымсыз дүниелердің де өте көп екенін өздеріңіз де көріп отырсыздар. Бұл білім, мәдениет, дін сияқты барлық бағыттарға қатысты. Осы мәселелердің барлығында ақсақалдар көшбасшы, бағыт-бағдар беруші болуы тиіс, – деді Әбілғазы Қалиақпарұлы.

Өзекті мәселелерді талқыланып, алдағы бірлескен жұмыстың нақты бағыттары айқындалған дөңгелек үстел барысында Қарасай аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов, «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ұлтусын Бархинова, Шелек ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Әбілбек Айтақынов, «Алатау ардагері» газетінің бас редакторы Роза Айдарбекова, «Алатау жастары» ұйымының төрағасы Нұрсұлтан Орынбасаров ой-пікірлерін ортаға салды.

Басқосу соңында бірқатар азамат «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің «Құрмет белгісі» төсбелгісі және облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Облысқа жұмыс сапарымен келген елордалық мейман Қонаев қалалық Мәдениет үйінде өңір ардагерлерімен жүздесті. Мінбеге шыққан Әбілғазы Құсайынов ардагерлер ұйымдарының алдағы жұмысында ескерілуі қажет жеті бағытты таныстырды. Жастарды тәрбиелеуге, табиғат пен туған жер тазалығына бейжай қараамауға ерекше назар аударды. Ардагерлер мен жастардың өзара байланысын күшейту мәселесіне ерекше мән берді.