Аға буынның түбі жоқ тойымсыздығына қайран қаламын

Dalanews 01 ақп. 2019 08:49 767

Бұл шағын ғана жазбам жасы баршын тартқан қарияның автобустың орындығында отырып қалғып кеткен жас жігітке «неге ғана орын бермейсің, қазіргі жастардың еш ұяты жоқ» деп құлақ тұндыра айқайлаған оқиғасының негізінде жазылды.

Сол кезде менің санама басқа бір себептің сәулесі жарқ етіп, «Шынтуайтына келгенде кімдердің өзі ұяты жоқ?» деген сауал төңірегінде ойға қалдым (Бұл әлеуметтік сұрақтың жауабы маған әлде қайда әріде жатқандай сезіледі).

Әйгілі данышпан Сенека «...Болып жатқан оқиғаның барлығы сөзсіз, болуы тиіс нәрсенің белгісі» дейді.

Рас, себепсіз еш нәрсе жоқ. Мұны дәрменсіз жастардың әлде бір әділетсіздікке іштей қарсылығы мен бұлқынысы, дәлірек айтсақ «өш алу» әрекеті десек те болатындай. 

Әлеументтану ғылымы қоғамда әділетсіздік белең алғанда қорғансыз топтың қолынан келері тек кіжіну мен қырсығу ғана екендігін көлденең тартады. Біздің бұл жердегі (яғни автобустағы) оқиғамыз көп себептің тек бергі беті ғана.

Ал арғы жағы адам жаны шошырлықтай ірі факторларға толы. 

...Біздегі осы үлкен кісілердің түсінігі қызық. Оларға салсаң қолыңа құман, иығыңа сүлгі іліп мәңгілік солардың қызметіне жегілуің керек.


 Бұған енді әмәнда үлкендердің ғана айтқаны дұрыс деген «классикалық пәлсапаны» қосыңыз.

 Ал осы бір «ғажайып» пәлсапаға сәл қиғаш келсеңіз болғаны басыңызға бәле үйіріліп «бұлардың сірә дә ұяты жоқ, үлкендерді еш сыйламайды» деген секілді нөпір сөздің астында қаласыз. 

Көкем-ау деймін, осы жерде сіз қандай сыйластық туралы айтып отырсыз. Сыйламайды дейсіз налып...

 Сыйластық бір жақты ғана (тек үлкендер үшін) деп кім айтты сізге.

Ол екі тараптың яғни жас пен кәрінің өзара үндестігінің ортақ бірлігі емес пе (Осы ортақ құндылықты табаныңызбен таптап тұрып «жастар үлкендерді сыйлау керек» деген көтензор мораліңізге жол болсын. Кешіріңіз, бұл ескі низам енді еш жоралғыға жүрмейді).

Сонымен, өмірдің ұлы гармониясы неден бүлінді? Үлкенге құрмет қату түсінікті жәйт...

Ал, ініге ізет ше? Әлде, бұл үлкендердің қарым-қатынасының ішіне кірмей ме сонда? Сыйластық дедік...

Айтыңызшы, аға болып ініге жасаған сіздің нендей ізетті істеріңіз бар? Береген қолым алаған десек, сыйламайды деп реніш сайламас бұрын алтын басыңызды ардақ тұтардай кішіге қандай өнегеңіз өтіп еді («Айда бала деп» үлкендігіңізді бұлдап бір жерлерге жұмсап я болмаса құрғақ ақылды құр соққаннан басқа). 

Өмір болса мынау... 

Жарықтың жылдамдығындай қазіргі ақпараттық ғасырдағы бір күннің жаңалығы ілкідегі он жылдың дидарына пар. 

Адам түсінігі де бейне бір тауар секілді ғой. Уақыт өткен сайын кей түсініктер де ескіріп (көнетоз заттар секілді) еш ілдебайға жарамай қалады. Ал, бір күнді қойып, отыз жыл өз орынынан қозғалмаған бүгінгі саяси билік туралы не айтуымызға болады (Уақыт көшінен ада осы жандардың көп түсінігі кешегі зілдей ауыр, есігі еш жабылмайтын көнетоз кеңестік сервант шкафтарын есіме салады). 

Расын айтайық, буынның өзара алмасып ескі танымның еш өзгермеуінен біз көп артқа кеттік.

Отыз жыл бойы осы бір атмосфераның сақталуы екі буынның табиғи түрде билікте өз идеясын жүзеге асыруын толығымен тежеді (Бұл біздегі барлық мемлекеттік мекеме атаулыға тән дүние десек те болады).


Ал, жаны жараланып тауаны қайтқан жастардың әлемтапырық халінде ешкімнің де шаруасы болмады. 

Енді сіз еш ұялмастан өмірден өз орынын таппаған осы жандардан зор құрмет пен ғизат дәметесіз. 

Өсетін ел әмәнда жас ұрпақ қамында болады десек рас, қариямыздың көбінен қасиет кетті.

 Кей кездері осы бір аға буынның түбі жоқ тойымсыздығына қайран қаламын. (Бір басында бес үйі бола тұра бұл шіркіндерге алтыншы я болмаса жетінші үй беріліп жатса әмәнда жоқ демейді ғой тоба...)

Міне, дәл қазір жыл сайын берілетін мемлекеттік стипендияға ие болғандар тізімін қарап отырмын.

Тағы да тоқсан пайызы осы буын (Бибігүл Төлегеновадан басталған ұзын сонар тізім Асанәлі Әшімовпен аяқталған екен).


Жаман жәутік балалардың әзер дегенде қол жеткізген мүшайрасына араласып солардың аз ғана ырыздығымен таласып жүретін де тағы осылар. 

«Осылар» туралы сөзіміз осымен тәмам...

Әгәрәки бұл жазбамыз арқылы әлдебір әдемі қартайған жандардың ашуына тиіп кетіп жатсақ тек қана ғафу дейміз.

PS... Онсыз да қоғамда орыны жоқ жастардың әзер дегенде қол жеткізген орындығына (мейлі ол автобус орындығы болсын) көз алартып қызғануды доғарып, «үлкен басымызбен» бір дегдарлық танытуымызға болар еді ғой. 

Әттең, қатыбаспыз ғой шіркін...

Ықылас Ожайұлы


Фейсбук парақшасынан 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар