Алматыдағы Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде «Қазақстанда АЭС не үшін салынуы керек?» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстелде баяндама жасаған мамандар дербес электр станциясының қажеттігін алға тартты.
Мәселен, еліміздің өңірлерінде сезіліп отырған энергия дағдарысына аз-кем тоқталсақ, солтүстік аймақта ахуал тұрақты, ал оңтүстікте тапшы көрінеді. Яғни, еліміздің оңтүстігінде халық саны көптігіне байланысты 2030 жылы электр энергиясының тапшылығы 2,7 ГВт-қа жетуі мүмкін.
Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті Электроэнергетика және электротехника институты директоры Жұбаныш Әбдімұратовтың (суретте) айтуынша, солтүстіктен оңтүстікке жөнелтілетін энергияны қайта айдау кезінде ауқымды бөлігі жоғалып кетеді екен.
«Бұл энергияның 50 пайызын шығын етеді. Оның үстіне генерациялайтын қуаттың негізгі бөлігінің қолдану мерзімі 40 жылдан асып кеткен. Сондықтан энергетикалық жүйені модернизациялау мәселесі өзекті», – дейді ол.
АЭС салу туралы Президент Қ.Тоқаев та жиі тілге тиек етіп жүр. «Қазақстанда атом энергиясын құру мүмкіндігін жан-жақты зерттеу керек. Меніңше, бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыратын уақыт жетті, себебі Қазақстанға АЭС керек. Таза атом энергиясы болмаса, бүкіл экономикамызды жоғалтамыз» деген еді жолдауында. Демек, нақты мақсат пен жоспар бар, ендігі мәселе – орындалуында.
Сонымен, құрылысына 11 млрд АҚШ доллары көзделген АЭС-ті салатын орын ретінде Балқаш көлі маңындағы Үлкен аумағы таңдалды. Алайда, АЭС-ті қай мемлекет салады? Бізге қай елдің реакторы тиімді? Шешім арнайы байқау арқылы анықталып, құрылыс жұмысына 2025 жылы кірісіп кетсек, 2035 жылы пайдалануға берілуі мүмкін.
Бүгінде әлем бойынша қуаты 391 ГВт болатын 439 реактор жұмыс істейді. АЭС 32 елде бар, олардың ішінде АҚШ, Франция, Жапония және Үндістан көш бастап тұр. Қазір 19 елде электр қуаты 55 ГВт болатын 52 реактор салынып жатыр.
Бұл тізімге Қазақстан қашан қосылады?
Дөңгелек үстелде баяндама жасаған мамандардың пікіріне құлақ ассақ, АЭС салуда өзіндік тәжірибесі мен әлеуеті бар 4 мемлекеттің ішінде Ресейдің «Росатомы» өз елінен бөлек әлемнің 8 елінде, атап айтқанда Түркия, Венгрия, Бангладеш, Иран, Египет, Қытай, Беларусьта 21 реактор жобасын салып жатыр.
Содан кейінгі орында Францияның «EDF Energy» компаниясы Қытай, Ұлыбритания, Францияда 3 реактор салу жобасын қолға алған. Ал Қытайдың CNNC ядролық корпорациясы Пәкістанда 5 реактор, Оңтүстік Кореяның ICHNP компаниясы БАӘ-де 3 реактордың құрылысын сәтті жүзеге асыруда.
Айта кету керек, Қытай, Корея, Ресей, АҚШ және Франциядан 6 вендордан техникалық-коммерциялық ұсыныстар түсті. Соның нәтижесінде ядролық-энергетикалық технологияларды салыстырмалы талдау және бағалау үшін Францияның «Assystem» компаниясымен бірлесіп құжаттардағы ұсынымдар негізінде критерийлер жүйесі әзірленді. Жалпы, шетелдік атомдық технологиялар вендорлары (III және III+ буынды) ұсынған жаңа заманауи реакторлардың 13 жобасы зерделеніп, дайын тұр.
АЭС: Артықшылығы
«Қазақстандық Атом электр станциялары» ЖШС Жаңа ядролық және энергетикалық технологиялар бойынша бас менеджері Асуан Сиябековтың айтуынша, екі блоктан тұратын жоғары қуатты АЭС-те 2000 адам жұмыс істейді. Бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындары 2010-2022 жылдар аралығында атом саласы үшін 2 193 бакалавр, 909 магистр және 135 доктор дайындаған.
«Біріншіден, ғылыми-техникалық әлеуетіміз артып, жоғары білікті кадрлар пайда болады. Құрылыс кезінде 8 мыңдай адам жұмыспен қамтылса, АЭС пайдалануға берілген соң 2 мың маман тұрақты еңбек етеді. Бұдан бөлек елімізге инвестиция салатындар қатары артып, салық қоржынына 2,5-3 млрд АҚШ доллары түседі» дегенді айтады.
Ал Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті Электроэнергетика және электротехника институты директоры Жұбаныш Әбдімұратовтың пікірінше
АЭС салынса, электр энергиясын өндіру арзанға түседі.
«1000 МВт қуатқа ие ЖЭС жылына 8 миллион тонна оттегі жұтады. Ал АЭС оттегіні қажет етпейді, зиянды түтін шығармайды. ЖЭС-ті құру үшін ірі көмір не газ кен орындары керек. Оларға көмір мен газ жеткізу көп қаражатты қажет етеді. Ал АЭС-ке қажетті уран бір жүк машинасымен ғана әкелінеді. Қолданылатын отын, қайта өңделіп одан тағы да отын ретінде пайдалануға болады», – деп тәптіштеп түсіндірді.
Алмас ЫСҚАҚОВ, Ядролық физика институы нейтронды физика зертханасының аға ғылыми қызметкері:
Атом саласында жұмыс істейтін мамандарға сұраныс артады
– Егер АЭС салынса, Ядролық физика институты қандай көмек бере алады? Біріншіден, институтта Қазақстандағы жалғыз реактор жұмыс істеп тұр. Онда 70-тен астам жоғары білікті маман еңбек етуде. Дәл сол мамандар болашақта салынатын АЭС-те жұмыс істеуге дайын. Себебі, тәжірибе бар. Қазір жоғары оқу орнын бітірген мамандардың 30 пайызы ғана сала бойынша жұмыс істейді.
Өкінішке қарай, мемлекетте толық база жоқ. Институт саны аз. Ядролық физика институтында 500 маман жұмыс істесе, Курчатовта 400-дей. Екі институтта бар-жоғы мың адам.
Бұл салаға деген сұраныс енді артады. Сондықтан АЭС таза электр көзін өндіріп қана қоймай, ғылыми-тәжірибелік базаны көтереді. Тіпті, технократтық дәуірге осы жоба арқылы енетін шығармыз.
Асуан СИЯБЕКОВ, «Қазақстандық Атом электр станциялары» ЖШС Жаңа ядролық және энергетикалық технологиялар бойынша бас менеджері:
3+ буындағы реакторлар балқып кетпейді
– 2021 жылы 15,8 ГВт болса, 2050 жылы 38 Гвт жетеді деген болжам бар. Яғни, екі есе жүктеме артады. Мемлекет басшысы Қазақстандағы АЭС салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Қазіргі таңда біздің мекеменің атқарып жатқан шаруасы көп. 2018 жылы техникалық-экономикалық негіздеменің маркетингтік бөлімін әзірледік. Онда АЭС қуаты, орналасу аумағы жазылды. Біз жазда Түркиядағы Аккуя АЭС-не бардық. 4 энергоблогы бар атам станциясының бірінші энергоблогы келесі жылдан бастап іске қосылады. 1200 мбт энергиямен бүкіл Түркияны қамтамасыз етпек.
Бізде жұрт әлі АЭС салудан қорқады. Сондықтан халықты да түсінуге болады.
Алайда, оның бәрі отынға, уранның үлесіне байланысты. Оның үстіне біз қарастырып жатқан 3+ буындағы реакторлар. Бұл Фукусимадан кейінгі шыққан. Бұлар балқып кетпейді, радиоактивті қалдықтар сыртқа шығып кету қаупі жоқ, сумен жанаспайды.
Сол себептен қорқудың қажеті жоқ. АЭС-ті орташа есеппен 60 жыл пайдалануға болады. Егер сұраныс болса жиырма жылды қосып, ұзартуға болады.
Әр елдің реакторы өзінше жақсы. Бәрі бірдей электр қуатын өндіреді. Біз алдымен радиациялық ядролық қауіпсіздігіне мән береміз. Қоршаған ортаға әсері, сосын экономикалық тұрғыдан қарастырамыз. МАГАТЭ-нің алғышартын ескеріп, Қазақстанның нормативтік базасына сай ма, жоқ па, біздің кадрларды дайындап бере ала ма, жоқ па, бәрін қараймыз.
Бізде уран қоры көп. Жылына 30 мың тонна уран өндіреміз, ал АЭС-ке керегі 150-200 тонна. Сондықтан реакторларға уранды өзіміз қойсақ дейміз. Олар сондай технологияны бере ме, бұл критерий де маңызды.
Ауқымды жоба болған соң қаржыландыру жағы әлі шешілген жоқ. Екі келісім-шарт бар. Қазақстан тарапы 10 немесе 20 пайыз ақшасын құйса, АЭС салатын ел өзі қаржы құяды. Екінші, бүкіл ақшасын өзі шығарып салады да, бірақ бізге электр энергиясын беріп, қалғанын өздері пайдалануы мүмкін.
Бүгінде АЭС салынатын аймақтар мұқият зерделеніп жатыр. Абай облысының Курчатов ауданы мен Алматы облысының Үлкен ауылы барлық талапқа сай болып отыр.
Алмас САУХИМОВ, АЭжБУ ғылыми және инновациялық қызмет жөніндегі проректоры:
Елімізде бір емес, үш АЭС салу қажет
– Елімізде электр энергиясы тапшылығы қатты сезіліп жатыр. АЭС салу туралы талқылау 2012 жылдан бері басталып, енді ғана тоқтамға келдік. Бізге бәрібір тұрақты энергия көзімен қамтамасыз ететін атом электр станциясы керек.
Бізде көмір, атом, жаңартылған энергия көздері, газ бар. Ең тиімдісі – АЭС. Оны салу үшін бізде бәрі бар. Уран қоры бойынша әлемде екінші орынды аламыз.
Сондықтан Үлкен ауылынан бөлек, болашақта екінші АЭС-ті Курчатовта, үшіншісін Маңғыстау облысында салу жоспарланған.
Біз оқу орнында кадрлар дайындау үшін 2019 жылы оқу бағдарламасын жасадық. Қазір бізде 4 институт бар. Бүкіл салада ғылыми жобалармен жұмыс істейміз. Ендігі мәселе – инженерлік кадрлар тобын жасақтап, біліктілігін арттыру керек. Осы тұрғыда арнайы жүйе қалыптасуы керек.
P.S. Кеңестік кезеңнен келе жатқан құралдар апатты жағдайда тұр. Олар әрі кетсе, он жыл ғана жұмыс істейді. Сосын оған ешқандай жөндеу жұмысы да көмектесе алмайды. Ал энергияның 70 пайызы көмір арқылы қамтамасыз етіліп тұр.
«Париж келісіміне» сәйкес, екі жылдан кейін трансшекаралық көмір салығы енгізіледі. Бұл экономиканың бәсекеге қабілетсіздігін көрсетпек. «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин «Қазақстанда АЭС салынбаса, онда жоғары көміртекті энергетикамен қалады. Онсыз жасыл экономика мақсаттарына жету мүмкін емес» деген сөзінің жаны бар.