Атом электр станциясының салынуын қолдап, әлеуметтік желіде халыққа үндеу жасаған танымал әнші Қайрат Нұртас жұрттың сынына қалды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әншінің үндеу жасаған видеосы өзінің жеке парақшасында және АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штабтың парақшасында жарияланды.
Ақпаратқа сүйенсек, танымал әнші Қайрат Нұртас АЭС салуды қолдау жөніндегі Шымкент қалалық штабында болып, "AMANAT" партиясының қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаевпен атом электр станциясының салыну жобасына байланысты пікір алмасқан.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында Қазақстанға атом электр станциясын салу қажет екенін айтты. Оны бәріміз қолдаймыз. "Аманат" партиясына рақмет, мен өзім оқып шықтым, маған бәрін түсіндірді. 6 қазанда өтетін референдумда бәріміз атсалысып, дауыс берейік, Қазақстанымыздың болашағы үшін бірге болайық", - дейді видеода әнші.
Желі қолданушылары әншінің видеосына түрлі пікір жазған. Олардың арасында әншіні сынға алғандар да табылған.
"АЭС-тың не екенін біле ме екен?", "Қайреке, осы жерден қоя сал, ондай жағымпаз пікірлерің, үгіт-насихаттарың халыққа өтпейді! Қазақ елі АЭС салуға қарсы! Семей жұрты кезінде орыстардың салған полигонының зардабын әлі тартып отыр! Одан да сол полигоннан зардап шеккен халыққа жағдай жасап, жақсы өтемақы төлесін. Соны неге айтпайсыңдар?", "Қазақстанға не үшін керек, дебат ұйымдастыру керек еді", "Қызықсың Қайрат", "Ай аңқау қазағым-ай", "Билік не десе де қолдайын деп тұр Қайрекең", "Әніңді айтып жүре бер, нең бар саясатта", - деді жұрт.