Танымал әнші Төреғали Төреәлі отбасында қуанышты жаңалық болды. Өнер иесінің шаңырағында тағы бір сәби дүниеге келді. Жұбайы Толқын қыз баланы өмірге әкелді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы әншінің продюсері Жан Мұқанов әлеуметтік желіде мәлімдеді. Оның айтуынша, нәресте 7 сәуір күні кешкі сағат жеті шамасында туған. Осылайша, бұл – отбасының жетінші қызы. Продюсер сәбиге ақ тілегін арнап, ата-анасына қуаныш, береке тіледі.
Сондай-ақ, ол сәбиге әзірге есім берілмегенін айтты. Жан Мұқанов көпшілікке түрлі есім нұсқаларын ұсынып, солардың ішінен таңдау жасалуы мүмкін екенін жеткізді.
Төреғали Төреәлі (Төреғали Төреәліұлы Әлиханов) 1992 жылы 14 қазанда Байқоңыр қаласында дүниеге келген. Мектепті туған қаласында тәмамдап, кейін Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының колледжінде актер мамандығы бойынша білім алған.
