АЭС-ке қарсы шыққан танымал әншінің парақшасы боттардың шабуылына ұшырады

Қаракөз Амантай 01 қаз. 2024 14:41 1925

Әнші Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желідегі сынға жауап беріп, өз ұстанымын нақты жеткізді, деп жазады Dalanews.kz.

Өнер иесі осыған дейін семіздік жайлы айтқан пікірі үшін кешірім сұрағанын еске салып, артық салмақ денсаулыққа зиян келтіретінін атап өтті.

Сонымен бірге адамдарды бос өсекке уақыт жоғалтпай, спортпен айналысып, маңызды мәселелерге көңіл бөлуге шақырды.

"Одан да халықтың жағдайына көңіл бөліңіздер! Қоғамның қызу талқысына түсіп жатқан АЭС-ті зерттеңіздер! Мемлекет пен халықтың жағдайын айтып, жыртысын жыртыңдар! Соған көңіл бөліңдер!”, – деді өнер иесі.

Оның айтуынша, АЭС тек экологиялық қауіп қана емес, болашақ ұрпақтың денсаулығына да үлкен зиян әкелуі мүмкін.

"Мен болашақ ұрпақтың, балаларының денсаулығына алаңдайтын әрбір азаматтың бұл мәселеге бей-жай қарамауы тиіс деп ойлаймын", – деді ол.

Бір қызығы, соңғы уақытта әншінің осы ұстанымы үшін оған қарсы боттар тарапынан шабуылдар көбейіп кеткен. Әлеуметтік желілерде әншінің пікірін жоққа шығарып, оның ұстанымын сынға алатын жасанды аккаунттардың белсенділігі артқан. Дегенмен Меруерт Түсіпбаева бұл шабуылдарға қарамастан, өз көзқарасынан таймағанын көрсетті.

Оның АЭС-ке қарсы мәлімдемесі ерекше назар аудартады, себебі қазір өнер адамдарының басым көпшілігі бұл жобаны қолдап отырған шақта, Түсіпбаева жалғыз қалса да, батыл шешім қабылдап, бұл мәселеге қарсы екенін ашық айтуға жүрегі жетті. Оның бұл әрекеті көпшілік арасында қолдауға ие болып, өнер иесінің нағыз азаматтық ұстанымын көрсеткен ерекше қадам ретінде бағаланды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар