Адвокат Мұрат Адам алаяқ па: белгілі журналист ол туралы не дейді?

Dalanews.kz 17 жел. 2025 18:48

Журналист Гүлбану Әбенова өзінің «Facebook» желісіндегі бірқатар жарияланымдарында «Orda.kz» басылымының бас редакторы Гүлнар Бажкенованың қорғаушысы адвокат Мұрат Адамның өмірбаянында жағымсыз жайттардың бар екенін жазады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол өз жазбаларында қорғаушының 2000-шы жылдардың соңындағы соттылығы, одан кейін сот жүйесінде қызмет атқаруы және адвокаттық мәртебені қандай негізде алғаны туралы мәселені көтеруде.

Соттылық және қылмыстық істің мән-жайы

Әбенованың жарияланымдарына сәйкес, 2008 жылы Мұрат Адам (оның кейбір жазылушыларының айтуынша, бұрынғы фамилиясы Байғалиев болған) Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 129 және 130-баптары – яғни жала жабу және қорлау бойынша кінәлі деп танылған.

Келтірілген мәліметке сәйкес, қылмыстық іс 2007 жылғы оқиғаға байланысты болған. Юрист болып жүрген кезінде Мұрат Адам сот отырысынан кейін қарсы тараптың куәгері болған 68 жастағы әйел кісімен жанжалдасып кетіп, оған балағат сөз айтқан. Оқиға сот ғимаратында болған, содан кейін әйел полицияға арызданған.

Әбенова әрекет етіп жүрген адвокаттардың біріне сілтеме жасай отырып, соттың жаза ретінде 120 сағат қоғамдық жұмыс тағайындағанын жазады.

Сонымен қатар, Мұрат Адамнан 90 мың теңге сот шығындары, сондай-ақ 50 мың теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілген.

Бейнежазба және нұсқалардың сәйкес келмеуі

Журналист оқырмандары жіберген бейнежазбаға да назар аударады. Видео Республикалық адвокаттар алқасының төрағасын сайлау кезінде түсірілген және онда Мұрат Адам соттылығы бар-жоғы туралы сұраққа жауап береді.

Бейнежазбада адвокат болған жағдайды «ұсақ құқықбұзушылық» деп атап, жанжал «көрші әжеймен» болғанын айтады. Алайда Әбенованың айтуынша, бұл нұсқа іс материалдарына қайшы: оқиға тұрмыстық жағдайда емес, сот ғимаратында, ал әйел сол істегі куәгер болған.

Журналист қылмыстық істің қозғалуына сот дәлізінде телебағдарлама операторы түсірген аудио және бейнежазба себеп болғанын жазады. Оның айтуынша, бұл жазба іс материалдарына тіркеліп, оператор сотта куәлік берген. Сөйтіп, Мұрат Адамның жазбаны даулауға жасалған әрекеті болмай қалған.

Қалайша алдымен судья болып, артынан адвокат мәртебесін алған?!

Гүлбану Әбенова өз жарияланымдарында тегін өзгерткеннен кейін 2012–2018 жылдары Мұрат Адам Қостанай қалалық сотының судьясы болып қызмет атқарғанын да алға тартады. Оның айтуынша, сол кезде цифрлық дерекқорлар болмағандықтан, соттылық фактісі анықталмай қалған болуы мүмкін.

Журналист 2018 жылы соттылығы туралы мәлімет белгілі болғаннан кейін Мұрат Адамның судья қызметінен босатылғанын жазады.

Сонымен қатар, Әбенова өзінің жазылушыларының бірінің хабарламасына сілтеме жасайды. Оның айтуынша, бұл адам Адам-Байғалиевпен бірге жұмыс істеген. Ол Мұрат Адамның жұмысын теріс сипаттап, «көп интрига жасағанын» айтады, сондай-ақ еңбекке жарамсыздық парағын қолдан жасауы мүмкін деген мәлімдеме келтіреді. Бұл деректердің барлығы дереккөздің жеке пікірлері екені арнайы атап өтіледі.

Сұрақ көп, жауап әлі жоқ...

Осының бәрін негізге ала отырып, Гүлбану Әбенова уәкілетті органдар тарапынан құқықтық баға беруді қажет ететін бірқатар маңызды сұрақтарды көтереді. Біріншіден, құжаттарды қолдан жасау үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген бе? Екіншіден, соттылығы анықталған соң судья қызметінен босатылған адам сол кезеңде алған жалақысын мемлекет бюджетіне қайтаруы тиіс пе? Сондай-ақ оның судья болған кезеңінде шығарған сот шешімдері қайта қаралуы керек?

Ең қызығы Республикалық адвокаттар алқасы неге үндемей отыр? Досыңның кім екенін айт, сонда сенің кім екеніңді айтайын дегендей, өткені күмәнді жайттарға толы Мұрат Адам-Байғалиев сияқты адвокат пен Гүлнар Бажкенованың бастары қалай қосылып жүр?


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар