«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті болып қазақстандық журналист әрі медиа сарапшы Назира Даримбет сайланды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қордың мәліметінше, Назира Даримбеттің тәуелсіз журналистикада көпжылдық тәжірибесі бар. Сонымен қатар ол медианы дамыту және сөз бостандығын қорғау бағытындағы халықаралық жобаларды жүзеге асыруға қатысқан.
Жаңа президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстандағы журналистер сот және әкімшілік қысыммен қатар, жаңа цифрлық қауіп-қатерлерге де тап болып отыр.
«Бұл сын-қатерлерге журналистерді қорғаудың заманауи тетіктерін қалыптастыру, кәсіби қауымдастықтың бірлігін нығайту және халықаралық ынтымақтастықты дамыту арқылы жауап беруіміз қажет. Қордың осы жылдар ішінде қалыптастырған үздік тәжірибесін сақтай отырып, оның жұмысын қазіргі заман талаптарына сай жаңа деңгейге көтеру маңызды. Бұл ретте қордың негізін қалаушы әрі алғашқы басшысы Тамара Калеева қалыптастырған қағидаттар мен стандарттарға сүйенеміз», – деді Назира Даримбет.
«Әділ сөз» халықаралық қоры 1999 жылы құрылған. Ұйым Қазақстандағы сөз бостандығын қорғау, журналистердің құқықтарын қолдау және медиа саласындағы заңнаманы жетілдіру бағытында жұмыс істейді.
Еске салайық, осы айдың басында қордың бұрынғы президенті Карла Жаманқұлова қызметінен кететінін мәлімдеген болатын.