Қазақстанда адам саудасы мен еңбек қанауына қарсы күрес аясында биыл құқық қорғау және еңбек органдары бақылауды күшейтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлттық диалог барысында Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті мен ІІМ өкілдері еңбек құқығын қорғау, мәжбүрлі еңбек фактілерін анықтау және адам саудасына қарсы атқарылған жұмыстардың нәтижесін жариялады.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының орынбасары Жүніс Сәкен Рысқұлбекұлының айтуынша, 2026 жылдың бес айында мемлекеттік инспекторлар 3599 тексеру жүргізген. Оның 152-сі профилактикалық бақылау аясында өткен. Тексеру барысында еңбек заңнамасын бұзудың 3720 дерегі анықталған.
«Анықталған заңбұзушылықтардың 81 пайызы еңбек қатынастарына қатысты болды. Оның ішінде жалақыны уақытында төлемеу, еңбек шарттарын жасау және бұзу тәртібінің сақталмауы, қызметкерлердің демалыс құқықтарының бұзылуы бар. Қалған 19 пайызы еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты болды. Бұл жеке қорғаныс құралдарының болмауы, қауіпсіздік техникасын сақтамау және өндірістегі жазатайым оқиғаларды уақытында тергемеу фактілері», – деді ол.
Оның сөзінше, тексеру нәтижесінде жұмыс берушілерге 2245 нұсқама беріліп, жалпы көлемі 224 млн теңгеден асатын айыппұл салынған. Сонымен қатар 1,25 млрд теңге жалақы берешегі өтеліп, 22,8 мыңнан астам қызметкердің құқығы қорғалған.
Сонымен бірге комитет ІІМ-мен бірлесіп еңбек қанауы мен адам саудасының алдын алу бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр. Ерекше назар шалғайдағы шаруа қожалықтарына, соның ішінде мал шаруашылығы нысандарына аударылған.
Жүніс Рысқұлбекұлы еңбек инспекторлары мен полиция қызметкерлері өңірлерге шығып, фермерлерге еңбек заңнамасы, қауіпсіз еңбек жағдайлары және адам саудасының алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.
«Мемлекеттік органдардың бірлескен қызметі профилактиканы күшейтуге, халықтың ақпараттану деңгейін арттыруға және адам саудасы құрбандарын анықтау тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Айта кету керек, 2025 жылдың қорытындысы мен биылғы кезеңде Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетіне адам саудасы фактілері бойынша өтініштер түскен жоқ және тексерулер кезінде мұндай деректер анықталмады», – деді ол.
Ал ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары Руслан Садировтың мәліметінше, биыл адам саудасына қатысты 75 қылмыс тіркелген.
Олардың ішінде адам саудасының 18 фактісі анықталған, оның 14-і кәмелетке толмағандарға қатысты. Бұдан бөлек сексуалдық сипаттағы қызметтерге тартудың 6 дерегі тіркелген, оның төртеуі кәмелетке толмағандарға байланысты болған. Мәжбүрлі орган алу немесе заңсыз ағза саудасының үш фактісі, адам ұрлаудың бір және заңсыз бас бостандығынан айырудың бір жағдайы тіркелген. Сондай ақ притон ұстау мен жеңгетайлықтың 46 фактісі анықталған.
«Алматыда қылмыстық пайдалану мақсатында адам саудасымен айналысқан ұйымдасқан топқа қатысты тергеу басталды. Олар тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды іздеп, несие тарихын қалыптастырып, кейін олардың атына қымбат көліктер рәсімдеп отырған. Қазір негізгі ұйымдастырушылар ұсталды, тергеу жалғасып жатыр», – деді Руслан Садиров.
Ол Абай облысында вебкам бизнес ұйымдастырған ерлі зайыптылардың ұсталғанын да айтты.
«Олар бірнеше қалада порностудия ұйымдастырып, модель келбетті жас қыздарды іздеумен және түсірілім орындарын дайындаумен айналысқан. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды», – деді ІІМ өкілі.
Сонымен бірге биыл притон ұстау және жеңгетайлыққа қатысты 476 әкімшілік іс тіркелген. Жалпы көлемі 131 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
ІІМ дерегінше, адам саудасына қарсы күрес аясында өңірлерде 149 мобильді топтық рейд ұйымдастырылып, ауылдар мен аудандарда 8 мыңнан астам адам қамтылған. Сондай ақ мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында профилактикалық кездесулер өткізілген. Жалпы 167 оқу орнында түсіндіру жұмыстары жүрген.
Руслан Садиров ақпараттық жұмыстардың да күшейгенін атап өтті.
«Жыл басынан бері адам саудасы тақырыбы бойынша шамамен 1500 материал жарияланды. Оның 859-ы БАҚ-та шықса, 628-і әлеуметтік желілерде жарияланды. Сонымен қатар интернет мониторингі кезінде телекоммуникация желілері арқылы ұйымдастырылған притон ұстау мен жеңгетайлықтың сегіз фактісі анықталды. Бұдан бөлек порнографиялық материалдары бар шамамен бес мың интернет ресурс бұғаттауға жіберілді», – деді ол.
Қазір мемлекеттік органдар суррогат ана болуды жаңа туған балалар саудасы үшін пайдалану тәуекелдерін және адам ағзаларының заңсыз айналымын болдырмау мәселелерін де талқылап жатыр. Бұл бағытта қосымша кездесулер өткізу жоспарланған.
Ұлттық диалог қорытындысында ведомстволар адам саудасына қарсы күрестің негізгі бағыттары халықаралық ұйымдармен жұмысты күшейту, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу, трансұлттық қылмыстық топтарды анықтау және әлеуметтік желілердегі заңсыз вербовка арналарына тосқауыл қою болатынын мәлімдеді.