Адам папиллома вирусы бойжеткендер үшін қаншалықты қауіпті?

Жарбол Кентұлы 16 қыр. 2024 12:10 3142

Қазақстанда қыркүйектің ортасынан бастап адам папиллома вирусына қарсы қыз балаларға жалпы вакцинация басталғанын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. АПВ – жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы болып табылады. Оның алдын алу үшін қыз балалардың екпе жасатуының маңызы зор. Ендігі кезекті осы бір қауіпті инфекция елімізде қаншалықты таралған, ол қаншалықты қауіпті деген сұрақтарға жауап берсек.

Бірінші кезекті бұл вирус қаншалықты қауіпті деген сұаққа жауап берсек. Мамандардың айтуынша адам папиллома вирусы – шырышты қабық пен теріні зақымдайтын ең кең таралған вирустардың бірі. Оның қауіптілігі тез таралуында болып тұр. Вирус жасушалардың обырлы түрленуін қоздырып, соның салдарынан қатерлі ісіктің дамуына алып келуі әбден мүмкін. Дәрігерлер әдетте бұл инфекцияның симптомсыз өтетіп, қабыну барысы көзге көрінбейтінін алға тартады.

Бүгінде адам папиллома вирусы әлем бойынша көп тараған инфекциялардың бірі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, әр адамда АПВ жұқтыру мүмкіндігі 80%-ға тең, яғни, әрбір 10 адамның 8-і өмірінің бір кезеңінде бірнеше АПВ түрлерін жұқтыратынын алға тартуда. Осы ретте әйел азаматтар жатыр мойны обырының дамуы адам папиллома вирусының тікелей қатысы бар екенін назардан шығармауы керек. Бұл вирус әдетет тұрмыстық, жыныстық, анадан балаға тез жұғуы мүмкін.  Сондықтан бойжеткендер адам папиллома вирусына қарасы екпе қабылдап, алдын алу ісіне бей-жай қарамауы керек.

– Қазір медицина саласында АПВ-ның 200-ден астам түрі белгілі. Олардың 14 түрі жоғары онкогенді деп саналады және олар жатыр мойны, жыныс мүшелері, көмей және басқа да обыр түрлерін тудыруы мүмкін, – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Вакцина арқылы басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева. Білікті маман жатыр мойны обырының 70%-дан астамы осы адам папиллома вирусымен тікелей байланысты екенін алға тартты.

Қазақстанда жыл сайын 600-ден астам әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады. Сондықтан нәзік жандылар өздерінің денсауылғына бей-жай қарамауы керек. Жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында ең көп таралған обыр түрі. Аталған вирус жас аналардың ұрпақ өрбітетін жасында (25–44 жас аралғы) өлім-жітімге себепші болып жатады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын елде жатыр мойны обырымен шамамен 1900 жаңа жағдай тіркеліп, 600-ден астам әйел осы аурудың кесірінен жарық дүниемен қош айтысады екен.

Сол себепті қазір 130-дан астам елде адам папилломавирусына қарсы вакцинация жасау ісі жолға қойылған. АПВ-ға қарсы вакцинация қоғамда өзекті мәселеге айналуда. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген дәрігерлер вирустық инфекцияның алдын алу стратегиясын таңдап, арнайы вакциналарды қолданып келеді. Вакцина жатыр мойны обыры мен папиллома вирус тудыратын басқа да онкологиялық аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда жасөспірім қыздарға вакцинация 17 қыркүйектен бастап ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес жүргізіле басталды. ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, ДДСҰ-ның халықты иммундау жөніндегі ұсыныстарына сәйкес, 11 жастағы қыздар жоспарлы вакцинациялауға жатады. Бірақ ата-аналардың 11 жастан асқан қыздарға қатысты өтініштерінен кейін Денсаулық сақтау министрлігі 12-13 жастағы қыздарға да АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізу туралы шешім қабылдады.

Вакцинация жыныстық қатынас басталмас бұрын вирус жұқтыру мүмкіндігін шектеп, аурудың даму қаупін төмендетеді. Сондықтан қыз балаларды вакцинациялау өте маңызды.

Қазақстанда вакцинация үшін АҚШ-тың «Мерк Шарп и Доум» компаниясының 4 валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылуда. Бұл вакциан АПВ-ның ең қауіпті 4 түрінен (6, 11, 16, 18) қорғайды. Дәрігерлердің айтуынша, бұл жоғары онкогенді АПВ түрлерімен байланысты жатыр мойны обырының даму қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Осы ретет вакцина ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша дайындалғанын ескертеміз.

АПВ-ға қарсы вакцинация қазірдің өзінде елдің 9 өңірінде – Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Жетісу, Түркістан, Ұлытау облыстарында және Астана қаласында жүргізілуде. Алдағы уақытта қалған өңірлерде вакцинация басталады деп жоспарлануда.

Жақында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте медицина ғылымдарының докторы, онколог Диляра Қайдарова жатыр мойны обырының жасарып бара жатқанын атап өтті. Қазір бұл ауру 30 жасқа толмаған әйелдерде де кездеседі, ал өлім-жітім деңгейі жоғары күйінде қалып отыр екен. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі қосымша вакцина дозаларын сатып алу туралы американдық фармацевтикалық компаниямен келіссөздер жүргізген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар