Таиландта "цифрлы әмиян" бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама іске қосылған бірінші күні 3 млн тай азаматының әрқайсысының есеп-шотына Үкіметтен 10 мың баттан (шамамен 300 доллар) ақша келіп түсті. Бірінші кезеңде тай халқының ең осал топтары, яғни әлеуметтік қамсыздандыру картасын ұстаушы 14,5 млн адам қаржылық қолдаумен қамсыздандырылмақ, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бірінші кезең осы айдың соңына қарай аяқталады деп күтіледі. Адамдар саны 71 миллионнан тұратын Таиланд халқының 36 миллионы осы бағдарламаға тіркелген. Бастапқыда ақша смартфондағы қосымша арқылы "цифрлық әмиянға" түседі деп жоспарланған, алайда бұл амалды енгізу кейінге қалдырылды. Қазір қаражат азаматтардың банктік шоттарына тікелей түсуде, деп жазады RB.RU.
"Бұл ақша таиландтықтардың қолына тисе, олардың кірісі біршама артады", - деді ел премьер-министрі Пхэтонгтхан Чинават.
Үкімет ақшаны не үшін таратып жатыр?
Таиланд халқына ақша тарату 2023 жылғы Pheu Thai басқарушы партиясының сайлауалды бағдарламасының бір тармағында қамтылған. Бұл төлемдерді аудару үшін Үкімет бюджеттен 450 миллиард бат (13,7 миллиард доллар) бөлуді жоспарлап отыр.
Pheu Thai бұл шара тұтыныс нарығын ынталандыруға мүмкіндік береді, сөйтіп ол елдің іскерлік белсенділігін, экономикалық өсімін арттыруға ықпал етеді деп санайды.
Мамандар бұл бағдарламаның өміршеңдігіне күмәнмен қарайды. Неге?
Алайда, Reuters хабарлағандай, Таиландтың Орталық банкінің екі бұрынғы басшысы бұл шараны қаржылық жауапсыздық деп атады. Сауалнамаға қатысқан Financial Times сарапшылар да бағдарламаның болашағы күмән туғызатынын айтып, оның тек бір реттік сипатқа ие және экономикалық өсімге ықпал етуі екіталай екенін баса атап өткен.
Айта кетсек, Қазақстанда 2024 жылдың 1 қаңтардан бастап "Ұлттық қор - балаларға" жобасы іске қосылған. Оған сәйкес, барлық балаларға жыл сайын ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50% есептеледі. Балалар 18 жасқа толғанға дейін инвестициялық кіріс мерзімінен бұрын алу құқығынсыз есептеледі. Бала 18 жасқа толғанда БЖЗҚ-да оған арналған нысаналы жинақтау шоттары ашылады. Бұл шоттан ақшаны тұрғын үйге және білім алуға пайдалануға болады.
"Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында 2024 жылы еліміздегі 6,9 млн баланың әрқайсысының есепшотына 100,5 доллардан түсті. Жалпы сомасы – 695 млн доллар. Бұл қаржы Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруында болады. Есепшоттағы қаржыны депозитке салуға немесе уақытынан бұрын шешіп алуға мүмкіндік жоқ.