«Әбіштің інісі еді». Зиялылар «газды қымбататты» деп айыпталған шендіге араша түсті

Dalanews 24 мау. 2022 10:24 769

Жуырда Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Ұлықбек Есдәулет бастаған бір топ зиялы қауым өкілі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына қарата үшбу хат жазды.  Онда есімдері елге сыйлы ел ағалары Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязовқа араша сұрапты. Аталған Ашық хатты Abai.kz ақпараттық порталында жариялап отырмыз.

ҚР Президенті Қ.ТОҚАЕВ мырзаға


Бір топ зиялы қауым өкілдерінің атынан


АШЫҚ ХАТ


Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!


Сіз халықты жаңа дәуір – жаңа Қазақстанға бастап келесіз. Қазіргі жағдайға байланысты «еститін мемлекет», жаңа кезең, таза, әділетті қоғам құруға деген сенім біздің үмітімізді оятты. Еліміз бен жеріміз үшін, Мемлекетіміздің болашағы үшін жасап жатқан еңбегіңізге ризашылығымызды білдіреміз.

Жан сауға сұрау қазақ халқының ежелден келе жатқан ата салты, егер ел ақсақалдары, ақындары өтініш жасағанда одан ешбір хан аттап кетпеген. Сіз де ата салтын сақтап, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың інісі Ғалымжан Ниязовтың тағдырына араша түседі деп сенеміз.

Маңғыстау өңірінің болашағынан зор үміт күттіретін бір азаматы жазықсыздан жазықсыз, қамауға алынды. Қаңтар оқиғасы алдында Жаңаөзен қаласында газға байланысты халық митингке шыққанын жақсы білесіз. Сол кезде газдың бағасын негізсіз көтердің деген желеумен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов қылмыстық жауапкершілікке тартылып, күдікті ретінде 4 ай үй қамақта отыр.

Бірақ ол газ бағасын көтермек түгілі, оған араласа да алмайды. Өйткені, осы күнге дейін мұнай, газ саласы белгілі бір топтың ғана ықпалында болған. Сондықтан бұл орын алған Қаңтар оқиғасына жауапты адамдарды қорғап қалу үшін барлық кінәні бір адамға жаба салуды мақсат етіп отыр.


Ғалымжан Ниязов – Маңғыстау өңірінің төл перзенті. Ол Ақтау қаласының әкімі болып тағайындалғанда жігерлі жас облыс орталығын көркейтуге көп еңбек сіңірді.

Ұйымдастырушылық қарым-қабілетін, күш-жігерін аямай сарп етіп, ел үмітін ақтады. Қала көшелері көріктендіріліп, тұрғын үй құрылысы жедел қарқынмен дамыды. Ақтау қаласының басшылығындағы осындай өрелі істері мен батыл шешімдері ескеріліп, Ғалымжан облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Ол бұл жауапкершілігі жоғары қызметке де өзінің жастық жігері мен ұйымдастырушылық қабілет-карымын аянбай жұмсап, барлық қырынан көрсете білді. Қаңтар айының басында газ бағасын күрт қымбаттату туралы шешімнің шығуына облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязовтың ешқандай тікелей де, жанама да қатысы болмаған. Жалпы, бөлшек саудадағы бағаларды реттеумен облыс әкімдігі емес, монополияға қарсы басқарма айналысатынын ескеру керек. Сондықтан облыс әкімінің орынбасары, өсіп келе жатқан жас кадр – Ғалымжанның заңсыз қамауға алынуы, жігерлі жастың нақақтан жалалы болып отырғаны ескерілсе екен дейміз.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

«Елім-қазағым!» деп дүниеден өткен заманымыздың заңғар тұлғасы Әбіш Кекілбаевтың інісін еш негізсіз тар зыңданға қамасақ, бұл арымызға сын емес пе?

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар