Абай облысының оқушылары «Nxplorers: Gylymi saiahat» фестивальінде бір миллион теңге грант ұтып алды

Dalanews 14 қар. 2023 12:04 375

Shel Kazakhstan компаниясының қолдауымен Астана қаласында «Nxplorers: Gylymi saiahat» республикалық ғылым фестивалі өтіп, Абай облысының оқушылары 1 000 000 теңге грантын ұтып алды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ғылым фестивальіне еліміздің барлық аймағынан 85 команда қатысып, өз жобаларын ұсынған-ды. Ал іріктеу кезеңінде 20 команда Астана қаласында бақ сынады. Еліміз бойынша бес команда жеңімпаз атанды.

Экология мәселесіне арналған ғылыми фестивальға Абай облысынан Аягөз ауданындағы Кешірім Бозтаев атындағы қазақ мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушылары Жаркенаев Ерсұлтан, Құрманғожин Дәулет, Бейсен Меруерт қатысып, 1 000 000 теңге грант иегері атанды.

Абай облысы намысын қорғаған «Transformers» тобы қар және жаңбыр суларын тазартып, пайдалану мәселесіне қатысты жобаны қорғаған.


Жобаның көздеген мақсаты – мектеп ауласында су резервуарларын қолданып, мектепті ауыз су және шаруашылық қызметке арналған сумен қамтамасыз ету. Оқушылар мектептің 3D моделін және қар күрейтін робот үлгісін ұсынды.

Айта кетейік, фестивальға еліміз бойынша 8-11 сынып оқушылары қатысты. Жобалар сайысында су тапшылығы, балама энергияны қолдану, мектеп ауласын көгалдандыру, күн энергиясын қолдану, қағаз қалдықтарын өңдеу, көкөністер өсіретін жылыжай, қала ішіндегі саябақтың су қоймасын балдырлардан тазарту мәселелері бойынша жұмыстар қорғалды.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар