Абай облысында көпбалалы ана адам саудасы үшін сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот мәліметінше, Аягөз тұрғыны 2024-2025 жылдары әлеуметтік осал жандарды тауып, сеніміне кірген. Оларды жұмысқа орналастыруды сылтау етіп, шаруа қожалықтарына жіберіп отырған. Ал сол үшін төленген 100-400 мың теңге аралығындағы қаражатты өзі иемденген.
Іс бойынша барлығы бес эпизод анықталған. Кей жағдайларда әйел жәбірленушілердің еркін жүріп-тұруына шектеу қойып, қысым көрсетіп, ішімдікке тәуелді еткен.
Сот жеңілдететін мән-жай ретінде айыпталушының кінәсін толық мойындауын, өкінуін, келтірілген шығынды өтеуін, жәбірленушілермен татуласуын, жасын және "Күміс алқа" иегері екенін ескерді.
Жәбірленушілер оны бас бостандығынан айырмауды сұрағанымен, сот 6 жылға нақты жаза тағайындады. Үкім заңды күшіне енді.