Абай облысында Конституцияның 30 жылдығына орай ер адамға қатысты қылмыстық іс тоқтатылып, оған амнистия қолданылды. Ол 337 түп қарағаш көшетін заңсыз қазып алғаны үшін айыпталған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аталған азаматқа қатысты қылмыстық іс Үржар ауданы, Науалы ауылдық округінің аумағында қарағаш көшеттерін күрекпен қазып алғаннан кейін қозғалған. Мемлекетке келтірілген залал 1,2 миллион теңгеге бағаланған.
Сот отырысында айыпталушы өз ісіне өкінетінін айтып, амнистия қолдануды сұраған. Бұған дейін ол мемлекетке келген залалды толық өтегені де аталып өтті.
“Сот айыпталушының заң бойынша қылмыстық іс жүргізуді тоқтатуға қарсы болмағанын ескеріп, ал құқықбұзушылық 2025 жылғы 23 маусымға дейін, яғни заң күшіне енбей тұрып жасалғанын назарға алып, оның өтінішін негізді деп тауып, қылмыстық істі тоқтатты”, – делінген сот хабарламасында.