Абай облысында арнайы білім беру ұйымдарының қызметіне кешенді мониторинг басталды. Оған облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев, білім басқармасының басшысы, сондай-ақ адам құқықтары мен бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер қатысты,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Мониторинг аясында оқу процесі, материалдық-техникалық база және жөндеу жұмыстарының жай-күйі қарастырылады. Әсіресе, шатырды жөндеу мен спорт залдарын салу қажеттілігіне аса мән берілді.
Алдын ала мониторинг нәтижелері бойынша арнайы білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары қолға алынады. Осыған байланысты «Жол картасы» әзірленеді. Ол балалардың өмір сүру сапасын арттыруға, инклюзивті білім беру жүйесін нығайтуға бағытталған.
Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету мақсатында бірнеше колледжге инклюзивті бағдарламалар енгізуді қарастыру ұсынылды. Бұл қадам ерекше қажеттіліктері бар жастарға қолжетімді мамандықтарды игеруге мүмкіндік беріп, олардың қоғамға толық бейімделуіне ықпал етеді.