Абай облысында 10 теміржол вокзалы толық жаңғыртылады

Ақтоты Жапатова 29 сәу. 2025 16:19 234

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл Абай облысында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы есебінен өңірдегі 10 теміржол вокзалын жаңғырту жоспарланып отыр,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, Семей, Аягөз қалалары мен Ақтоғай, Жалаңашкөл, Шар, Дегелең, Үшбиік, Жарма, Белағаш және Ауыл станцияларындағы теміржол вокзалдары толық жаңғыртудан өтеді.

«Семейдегі теміржол вокзалының ғимараты толық жаңартылып, инженерлік инфрақұрылымдары ауыстырылып, іргелес аумағы абаттандырылмақ. Жалаңашкөл станциясының вокзалын жөндеу Алакөлдің туристік әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Атап өтерлігі, жаңғырту жұмысы барысында вокзалдардың тарихи келбеті өзгермейді. Әр өңірдің архитектуралық ерекшелігі сақталады. Қазіргі уақытта мердігерлер анықталды. Дайындық жұмыстары жүргізілуде», - деді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асхат Есеев.

Еске салайық, Көлік министрлігінің хабарлауынша, еліміздегі 120 вокзалды реконструкциялау көзделген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар