Салық кодексіне Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты өзгерістер енгізіледі

Салық кодексіне Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты өзгерістер енгізіледі
pixabay.com

Мәжіліс депутаттары бастамашы болған Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәжіліс отырысында қаралған құжат Конституция мен «Конституциялық Сот туралы» Конституциялық заң нормаларын іске асыруға бағытталған. Заң жобасы аясында Салық кодексіне бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуына, Қазақстан Халық Кеңесінің енгізілуіне және жаңа конституциялық модельге көшуге байланысты өзгерістер енгізу көзделіп отыр.

Сондай ақ құжатта азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына жолданым жіберуі кезінде мемлекеттік бажды алып тастау ұсынылған. Депутаттардың айтуынша, бұл түзету азаматтардың конституциялық бақылау органына жүгіну мүмкіндігін жеңілдетуге бағытталған.

Мәжіліс отырысында құқықтық нормаларды техникалық тұрғыдан нақтылау мәселелері де қаралды. Атап айтқанда, құжатта құқықтық реттеудің мәнін өзгертпей, терминдерді біріздендіру ұсынылған.

Осыған байланысты «шетелдік» терминін «шетелдік азамат» ұғымымен алмастыру, «тенге» сөзін «теңге» нұсқасына келтіру және аумақ атауларын көрсету тәртібін астанаға басымдық бере отырып реттеу көзделіп отыр.

Сонымен қатар заң жобасы аясында салық заңнамасындағы институционалдық атауларды жаңа конституциялық құрылымға сәйкестендіру қарастырылған.

Мәжіліс депутаттарының пікірінше, түзетулер жаңа конституциялық модельге көшу үдерісін аяқтауға, құқықтық нормаларды жүйелеуге және салық заңнамасын қолданыстағы өзгерістерге бейімдеуге мүмкіндік береді.

Құжат бірінші оқылымда мақұлданып, енді оны одан әрі талқылау Парламенттің келесі кезеңдерінде жалғасады.