Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдық мерейтойы аясында және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы шеңберінде ұлттық парк аумағында бірқатар маңызды табиғат қорғау шаралары ұйымдастырылды. Соның ішінде Қаскелең орманшылығында «Журналистер аллеясының» салтанатты ашылуы мен халықаралық «Парктер шеруі – 2026» акциясы өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ауқымды экологиялық бастамаға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, экологтар, қоғам белсенділері, еріктілер, блогерлер, мектеп орманшылықтары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Табиғатты қорғау жолында бас қосқан қатысушылар ұлттық парк аумағында ағаш көшеттерін отырғызып, қоршаған ортаны сақтауға өз үлестерін қосты.
«Журналистер аллеясы» – Іле Алатауы ұлттық паркінің 30 жылдық мерейтойына арналған «30 жылдыққа – 30 іс-шара» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан ерекше жобалардың бірі. Бастаманың негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғауға қатысты қоғамдық жауапкершілікті арттыру және бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтастықты нығайту.
Салтанатты шара саптық шерумен басталып, қатысушылар табиғат тақырыбындағы концерттік бағдарламалар мен шығармашылық қойылымдарды тамашалады. Сонымен қатар ұлттық парк қызметкерлері биоалуантүрлілікті сақтау, табиғатты қорғау және экологиялық ағарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Биыл 30-шы рет ұйымдастырылған халықаралық «Парктер шеруі» акциясы бұрынғыдан да кең көлемде өтті. Ұлттық парк мерейтойымен және «Таза Қазақстан» бағдарламасымен үндескен бұл шара экологиялық мәдениетті қалыптастырудың, табиғатқа жанашырлық танытудың және ұрпақтар сабақтастығын дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.

Ұлттық парк мәліметінше, жыл басынан бері табиғатты қорғау бағытында 270-ке жуық экологиялық акция ұйымдастырылып, оған 90 мыңға жуық адам қатысқан. Сонымен қатар парк аумағында 1000-ға жуық құс ұясы орнатылып, 21 тонна қоқыс жиналған. Бұдан бөлек, 14 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылған.
Шара барысында республикалық телеарналар мен бұқаралық ақпарат құралдары экологиялық бастамаларды кеңінен насихаттап, табиғатты қорғаудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері алдағы уақытта да табиғатты қорғау, экологиялық ағарту және қоғаммен тиімді байланыс орнату бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.