Қазіргі уақытта аудан орталығы Қарауыл ауылындағы 300 орындық жаңа мектепте ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары аяқталған.
Сыртқы су құбыры, жылу және кәріз жүйелері мен ішкі электр желілері тартылды.
– Жаңа саябақта магистральды су құбырлары төселді. 730 терек, 134 шырша отырғызылды. 3,5 мың тонна жартасты, 23,6 мың тонна құнарлы топырақ, 45,8 мың тонна құм мен қиыршық тас араласқан қоспа әкелінді. Балалар алаңын абаттандыру және 4 субұрқақты орнату жұмыстары толық аяқталды. Саябақтың айналасына ауданның көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына арналған 12 үйдің құрылысы басталды, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов Абай мерейтойына арналған жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланған онлайн конференцияда.
Бұдан бөлек, аудан орталығының су құбыры желілерін қайта құруға бағытталған ауқымды жұмыстар жалғасуда. Ауыл ішіндегі 44 шақырым магистралдық желінің 35 шақырымына құбырлар төселді. Апта соңына дейін «Абай – Шәкәрім» мемориалдық кешені аумағында ғылыми-қалпына келтіру жұмыстары өз мәресіне жетеді. Бүгінде жұмыстардың басым бөлігі аяқталған.