Абай адамгершіліктің бастауы – махаббат пен әділдік екенін көрсетті – Рим Папасы

Dalanews 14 қыр. 2022 09:09 969

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінде Рим папасы Франциск қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ілімін мысал етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

–  Кеше қазақтың ұлттық аспабы домбыра туралы көп мәлімет алдым. Бүгін бұл музыкалық аспапты осы жердің ұлы ақыны, композиторы – Абайдың үнімен байланыстырғым келеді. Ол өзінен кейін діндарлықты сіңірген туындылар қалдырды. Абай адамгершіліктің бастауы – махаббат пен әділдік екенін еске салады. Қандай жағдай болмасын зорлық-зомбылықты ақтауға болмайды. Құдай баршамызды соғысқа емес, бейбітшілікке үндейді, – деді Рим папасы.

Сондай-ақ ол Абай білім мен таным көкжиегін кеңейтуге шақырғанын атап өтті.

– Абай білім-ғылымға ұмтылып, өзгелердің мәдениеті мен дәстүрін тануға, тарихы мен әдебиетін оқуға үндеді, – деді Рим папасы.


Айта кетейік, екі күнге созылатын съезге 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері келген.

Діни форумға Рим Папасы Францисктен бөлек, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқа да діни жетекшілер, бірқатар халықаралық ұйым өкілдері қатысуда.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар