Абай ұлттық мектебінің аянышты күйі: 10 млрд жұмсалған ұлттық мектеп неге қараусыз қалды?

Абай ұлттық мектебінің аянышты күйі: 10 млрд жұмсалған ұлттық мектеп неге қараусыз қалды?

Үш ай бұрын салтанатты түрде ашылып, ұлттық білім мен руханияттың жаңа орталығы ретінде дәріптелген Абай ұлттық мектебінің бүгінгі жағдайы көңіл көншітпейді. Құрылысына 10 миллиард теңгеден астам мемлекет қаржысы жұмсалған кампуста араға ұзақ уақыт салмай бірқатар түйткілдің беті ашылған. Мектеп пен интернат ыстық сумен толық қамтамасыз етілмеген, асхана жабдықтарының бір бөлігі істен шыққан. Суару жүйесі жұмыс істемегендіктен жаңадан отырғызылған ағаштардың басым бөлігі қурап қалған. Жатақхана құрылысы әлі аяқталмаған, негізгі ғимарат та мердігерден толық қабылданбаған. 

Бұған қоса, жаңа оқу жылы басталғанға дейін мектеп директоры мен оның төрт орынбасары да тағайындалмаған. Алдын ала дайындалған сабақ кестесі де жоқ. Оқушы қабылдау жұмысы уақытында ұйымдастырылмағандықтан, кей сыныптар толық жасақталмай қалған. Енді аталған олқылық мұғалімдердің оқу жүктемесі мен еңбекақысының қысқаруына әкелуі мүмкін.

Оқу-ағарту министрлігіне тікелей бағынатын, елдегі ұлттық мәртебесі бар бірегей білім ордасының аз ғана уақыт ішінде осындай жағдайға тап болуына кім жауапты? Миллиардтаған теңгеге зәулім ғимарат салған министрлік оның ішіндегі жұмысты неге жүйелі ұйымдастыра алмай отыр? Dalanews.kz редакциясы Абай ұлттық мектебіндегі жағдайдың мән-жайына үңіліп, жауапты мекемелердің назарынан тыс қалған мәселелерді саралады.

Ұлттық мектеп жаңа оқу жылын директорсыз бастады

Абай ұлттық мектебінде 7 шілдеден бері директор жоқ, оның төрт орынбасарының орны да бос тұр. Қазір басшылық міндеті интернат меңгерушісіне уақытша жүктелген. Жауапты тарап жаңа директорды таңдау конкурсы заңнамадағы өзгерістерге байланысты жарияланбағанын айтады, алайда оның қашан өтетіні белгісіз. Кейінгі төрт жылда мектеп директоры төрт рет ауысқан, бұл кадр тұрақсыздығын көрсетеді. Мектеп басшылығына министрлікке жақын адам тағайындалуы мүмкін деген де әңгіме бар, бірақ бұл ақпарат ресми расталмаған. Сондықтан министрлік директорды таңдау процесін ашық өткізіп, қоғамға нақты түсініктеме беруге тиіс.

Сабақ кестесі 1 қыркүйекте жасалған

Басшылықтағы бос орындар оқу процесіне де әсер еткен. Жаңа оқу жылы басталғанда мектептің сабақ кестесі дайын болмаған. 

Мұғалімдердің оқу жоспарлары да уақытында бекітілмеген. Сондай-ақ қабылданған балалардың бір бөлігі мектепке келмей, кей оқушылар басқа білім ордаларына ауысқан. Алайда олардың орнына резервтегі үміткерлерді қабылдау үшін қосымша конкурс дер кезінде өткізілмеген. Салдарынан кей сыныптарда бала саны азайған.

Ұйымдастырудағы қателіктің зардабын мұғалімдер тартуы мүмкін

Оқушы саны аз болса, мұғалімдерге берілетін сабақ сағаты да қысқарады. Ал оқу жүктемесі толық болмаса, заң бойынша педагогке толық жалақы төленбейді. Оқушы қабылдау мен қосымша конкурс өткізу мұғалімдердің міндетіне кірмейді. Соған қарамастан, ұйымдастыру жұмыстарының уақытында жүргізілмеуінен ең алдымен ұстаздар зардап шекпек. Егер бұл мәселе дер кезінде шешілмесе, сағаты мен табысы азайған тәжірибелі педагогтер басқа мектептерге кетуі мүмкін.

Интернаттағы балаларды кім қадағалайды?

Абай ұлттық мектебі интернат үлгісінде жұмыс істейді. Мұнда балалар тек білім алып қоймай, тұрақты тұрады. Сондықтан олардың сабақтан кейінгі тәрбиесі мен қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілуі қажет.

Жатақхана құрылысы да аяқталмаған. Соның салдарынан қыз оқушылар мен ер мұғалімдер бір ғимаратта тұрып жатқаны айтылады. Министрлік жаңа жатақхана ашылғанға дейін балалардың қауіпсіздігі мен тиісті жағдайда тұруын қамтамасыз етуге міндетті.

Он миллиард теңге жұмсалған ғимаратта ыстық су жоқ

Абай ұлттық мектебінің 900 оқушыға арналған жаңа кампусы 18 мамырда салтанатты түрде ашылды. Оған Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың өзі қатысты. Құрылысына мемлекет бюджетінен 10 миллиард 421 миллион теңге бөлінген.

Ашылу рәсімінде заманауи кабинеттер, зертханалар, кітапхана, спорт кешені мен интернат туралы көп айтылды. Алайда қазіргі таңда Мектеп пен жатақханадағы ыстық су мәселесі әлі толық шешілмеген. Қойылған бойлерлердің қуаты оқушылар мен қызметкерлердің қажеттілігіне жетпеуі мүмкін. Асханадағы технологиялық жабдықтардың бір бөлігі де істен шыққан.

Жаңа нысанның мердігерден толық қабылданбағаны туралы мәлімет бар. Қабылдау және тапсыру құжаттары реттелмеген. Құрылыс ақауларының толық тізімі жасалып, оларды түзетудің нақты мерзімі бекітілмеген.

Егер мектеп толық қабылданбаған болса, онда оны ашуға және балаларды кіргізуге кім рұқсат берді? Мердігердің міндеттемелерін кім бақылап отыр? Ақаулар қашан жойылады?

Мемлекет миллиардтаған теңге төлеген соң сапалы әрі толық аяқталған нысанды талап етуге құқылы. Ал министрлік сол талаптың орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

Қураған ағаштар мен жыртық Ту

Жаңа мектеп аумағына суару жүйесі орнатылған. Бірақ оған су берілмеген. Нәтижесінде жаңадан отырғызылған ағаштардың шамамен 80 пайызы қурап қалған.

Өкініштісі, мемлекет қаржысына сатып алынғкн әр көшет үшін қаражат төленді. Жұмыс істемейтін суару жүйесіне де бюджеттен ақша жұмсалды. Ендеше келтірілген шығынды кім өтейді?

Мектептегі мемлекеттік Тудың бір айға жуық жыртық күйде тұрғаны туралы да ақпарат бар. Абайдың атын иеленген ұлттық мектепте мемлекеттік рәміздің осындай күйге түсуі жауапсыздықтың айқын көрінісі.

Басшылықтың болмауы 1 қыркүйек шарасынан да байқалған. Жауапты ұйымдастырушы табылмағандықтан, оқу жылының ашылуы тиісті деңгейде өтпеген, дәстүрлі қонақтар шақырылмаған.

Мәселе салтанатты жиынның сәнінде емес. Мәселе ұлттық мектепте қарапайым ұйымдастыру жұмысын қолға алатын тұрақты басшылықтың жоқтығында.

10,8 миллиард теңгенің дауы

Оқу-ағарту министрлігінің Ішкі аудит департаменті Абай ұлттық мектебінің 2023 жылғы 1 қаңтар мен 2025 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы қызметін тексерді. Ресми қорытындыда жалпы сомасы 10,8 миллиард теңгеден асатын бұзушылық анықталғаны хабарланды.

Оның 10,4 миллиард теңгесі қаржылық бұзушылық ретінде көрсетілген. 

Алайда министрліктің ресми мәліметіне қарағанда, 10,2 миллион теңге бюджетке қайтарылуға тиіс. Ал 10,4 миллиард теңге құжаттар мен бухгалтерлік есепті реттеу арқылы қалпына келтірілуі керек. Аудит барысында 2,8 миллион теңге бюджетке қайтарылып, 16,3 миллион теңгенің негізгі құралдары мектеп балансына алынған.

Мектеп түлектерінің бірі бұл соманың қоғамға түсіндірілу тәсілімен келіспейді. Оның сөзінше, жаңа кампустағы мектеп балансына толық өткізіліп үлгермеген мүлік те бұзушылық ретінде көрсетілген. Соның салдарынан ұлттық мектептің миллиардтаған теңгені талан-таражға салғаны туралы пікір тараған.

Егер қаржы ұрланбай, мүлік уақытында балансқа алынбаған болса, министрлік мұны анық және ашық түсіндіруге тиіс. Ал нақты шығын мен талан-тараж белгілері болса, оған жауапты адамдардың аты аталып, материалдар құқық қорғау органдарына берілуі керек.

Сонымен бірге "Өрлеуден" қалған 300 миллион теңге гранттың қайда және қандай мақсатқа жұмсалатыны да белгісіз. Министрлік бұл қаражаттың тағдырына қатысты нақты есеп ұсынуға тиіс.

Министрлік жауапкершіліктен қашпауы керек

Абай ұлттық мектебіндегі мәселелерді бір ғана уақытша басшының мойнына артып қою әділетсіз. Мектеп Оқу-ағарту министрлігіне тікелей бағынады. Демек, мекемедегі басқару, кадр, оқу, қаржы және шаруашылық мәселелеріне министрлік те тікелей жауапты.

Жұлдыз Сүлейменова 18 мамырда жаңа кампустың ашылуына барып, лентасын қиды. Енді сол мектептің есігін салтанатсыз ашып, қазіргі жағдайын өз көзімен көруге тиіс.

Министр мектепке тұрақты директор мен орынбасарлардың қашан тағайындалатынын түсіндіруі қажет. Сабақ кестесінің неге уақытында дайындалмағанына, қосымша қабылдаудың не себепті кешіккеніне, мұғалімдердің жүктемесі қалай толықтырылатынына жауап беруі керек.

Жатақханадағы қауіпсіздік, тәрбиеші тапшылығы, ыстық су, істен шыққан асхана жабдықтары, қураған ағаштар және аяқталмаған құрылыс жұмыстары бойынша да нақты мерзімі көрсетілген жоспар жариялануға тиіс.

Ұлттық мектепке тек ашылу салтанатында барып, мінберден әдемі сөз айту жеткіліксіз. Оның күнделікті жұмысына да жауап беру керек.

Абай мектебі кадрлық эксперимент алаңы емес

Бұл білім ордасынан елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнер мен мәдениет өкілдері түлеп ұшты. Мәулен Әшімбаев, Дархан Қыдырәлі, Айдос Үкібай, Дулат Тастекей, Кеңес Дүйсекеев сынды азаматтар осы қарашаңырақта білім алды.

Сондықтан Абай ұлттық мектебінің тағдырын кезекті әкімшілік мәселе ретінде қарауға болмайды.

Мектепке 10 миллиард теңгелік ғимарат салып беру жеткіліксіз. Оны басқаратын білікті маман, сабақ беретін тұрақты ұстаз, балаға қарайтын тәрбиеші және сапалы жұмыс істейтін инфрақұрылым қажет. Бұлар болмаса, зәулім ғимараттың өзі ұлттық мектепті құтқара алмайды.