Біріккен Араб Әмірліктерінде қаза болған апалы-сіңлілі Ақжан мен Жұлдыз Боханованың денесі Қазақстанға жеткізіліп, жер қойнына тапсырылды. Қыздардың әкесі Мейрам Боханов олардың өлімінің нақты себебі әлі белгісіз екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
КТК телеарнасының мәліметінше, БАӘ полициясы марқұмдардың денесін әкесіне ДНҚ сараптамасы арқылы туыстығы расталғаннан кейін ғана берген. Мейрам Боханов қыздарының жүзін Қазақстанға жеткізілген соң, жерлеу рәсімі алдында көргенін жеткізді.
"Жүздерін тек мешітте аштым. Бауырым екеуміз көрдік, біздің қыздарымыз екен... Аналары оларды көрген жоқ. Қыздарын қуанышты әрі бақытты қалпында есінде сақтасын", – деді ол.
Апалы-сіңлілі өткен жылдың желтоқсанында Шарджаға жұмыс істеуге кеткен. Ата-анасының айтуынша, олар жергілікті сұлулық салонында еңбек еткен. Кейін қыздардың денесі жалдамалы пәтерден табылған. Бірі 20, екіншісі 22 жаста болған.
Марқұмдардың әкесі әлеуметтік желіде тарап жатқан түрлі нұсқаларға сенбеуге шақырды. Оның айтуынша, әзірге ресми сараптама қорытындысы шықпаған.
"Жүректері тоқтаған" деп айтып жатыр. Олардың нақты қалай көз жұмғанын, қалай өлтірілгенін білмейміз. Интернетте тараған ақпараттың бәрі – жалған. Оған сенбеңіздер! Сараптаманың ресми қорытындысы шыққаннан кейін ғана нақты мәлімет айта аламыз", – деді Мейрам Боханов.
Материалда іс бойынша күдікті ұсталғаны да айтылады. Қыздардың әкесінің сөзінше, ұсталған адам Қазақстан тумасы. Алайда оның кінәсі мен оқиғадағы рөліне қатысты түпкілікті қорытындыны тергеу анықтайды.