Астанадағы халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) шетел азаматтарына заңсыз құжат рәсімдеу ісіне қатысты сот үкімі жарияланды. Тергеу мәліметінше, бұл заңсыз қызметтен түскен қаржы көлемі 500 млн теңгеден асқан, деп хабарлайды dalanews.kz.
Елорданың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында мемлекет пен мемлекеттік қызмет мүддесіне қарсы қылмыс жасады деп айыпталған он адамға қатысты іс қаралды. Олар заңсыз көші-қонды ұйымдастырып, одан тұрақты табыс тауып келген, деп жазады журналист Михаил Козачков.
Тергеу материалдарына сәйкес, заңсыз схема шетел азаматтарына қызмет көрсететін ХҚКО арқылы жүзеге асырылған. Мұнда келгендердің бір бөлігі Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алуға, енді бір бөлігі жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) рәсімдеуге жүгінген. Қызмет алушылар делдалдарға ақша төлеп отырған, ал делдалдар қаражаттың бір бөлігін ХҚКО қызметкерлеріне беріп отырған.
Іс материалдарында Байқоңыр аудандық полиция басқармасының көші-қон қызметінің инспекторы да аталады. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол шетел азаматтарын елден шығару қаупі туындаған жағдайда заңсыз схеманың қатысушыларына көмектесіп отырған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, заңсыз көші-қонды ұйымдастыру схемасы үш жылдан астам уақыт жұмыс істеген. 2025 жылдың басында күдіктілерден жауап алынып, кейін олар ұсталған.
Сотта айыпталушылардың басым бөлігі кінәсін мойындаған. Соған қарамастан бірнеше адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұрынғы полиция қызметкері Жауказын Қорабаева заңсыз әрекеттерден 12 млн теңгеден астам табыс тапқаны үшін жеті жылға сотталды. Әйел адам болғандықтан жазаны өтеу кейінге қалдырылған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері Досымхан Бейсенбаев, Сабира Баймұхамедова және Жадыра Жанабаева да пара алғаны үшін әрқайсысы жеті жылдан бас бостандығынан айырылды. Әйелдерге қатысты жазаны кейінге қалдыру тәртібі қолданылған. Ал олардың әріптесі Бақжан Әкім үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкіміне сәйкес, делдал ретінде әрекет еткен Асель Қуанышева арқылы 193 млн теңге өткен. Рамид Әмірғали 196 млн теңге алып, 385 шетелдікке құжат рәсімдеуге көмектескен. Ал Орынтай Ташкенова 117 млн теңге алып, 1272 шетелдікке қызмет көрсеткен. Олар ХҚКО қызметкерлеріне пара бергені үшін кінәлі деп танылғанымен, айыппұлмен шектелді.
Ал полиция капитанына ақша жеткізді деп айыпталған Алтынай Алдибаева жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар құжаттарды қолдан жасап, бірнеше мигрантты алдаған Лаура Копбаеваға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.